ШҚО-да «сақалды» құрылыстар қайта жанданды

Шығыс Қазақстан облысында 5-6 жылдан бері салынып бітпей жатқан үш спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл аяқталмақ.  

Ауыл-аймақта бой көтеруі тиіс бұл нысандардың құрылысы жауапсыз мердігер салдарынан көптен бері тұралап қалған еді. Енді  маңызды жобалар қайта қолға алынып, шаруа жүре бастады. Мәселен Үлкен Нарын ауылындағы жабық бассейн кешенін осы күзде аяқтау жоспарда бар.

Үлкен Нарын ауылындағы бұл бассейннің құрылысы 2021 жылы басталды. Жауапты мердігер қаңқасын көтеріп қойғанмен, түрлі сылтау айтып нысанды дер кезінде аяқтай алмады. Сөйтіп тапсырыс берушімен құрылыс мекемесі арасында ұзаққа созылған сот ісі басталды. Ал уақыт өткен сайын, темір құрылымдарды тот басып, сапасын жоғалтты. 

Нұртуған Маратұлы, Үлкен нарын ауданы әкімінің орынбасары:

- Сол жылдары 385 млн теңге игерілді. Қалған құны 240 миллион теңгені құраған болатын. Бүгінгі таңда сот ісі әлі жүріп жатыр. Себебі мердігер ұйым өз міндетін орындамады. Соған қарамастан мінеки кешен құрылысы жалғасып жатыр. 

Құрылысты енді мүлдем бөлек комапния қолға алды. Ол бұл міндетті «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында өз қаражаты есебінен жүргізуде. Жанболат Аспенбетов – Үлкен Нарын ауылының тумасы. Оның айтуынша, ауылда бұрын соңды бассейн болмаған. Жазғы аптапта балалар суға шомыла алмайды. Бұқтырма су қоймасы біршама алыс. Сондықтан зейнеткер кешеннің салынып бітуін күтіп жүр.

Жанболат Аспанбетов, Үлкен нарын ауылының тұрғыны:

- Алдын ала талай адам күтті, талай адам «биыл бола ма, болмай ма?» деп үміттеніп жүрді. Былтырдан бері жұмысы бірде тоқтап, бірде қайта жалғасып отырды. Биыл міне, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазір өзім де осы нысанда жұмыс істеп жүрмін. Күн сайын жұмыс жүргізіліп отыр, бәрі жақсы, жоспарға сәйкес орындалып жатыр.

Жауапсыз мердігердің кесірі бұл нысанға ғана тиген жоқ. Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы және Марқакөлдегі спорт ғимараттарының құрылысы көптен тұрып қалған еді. Қазір ол жақта да жұмыс жүре бастады.

Арайлым Кенжеғұлова, Шқо Құрылыс Басқармасының Баспасөз Хатшысы

- Бүгінгі таңда Бозанбай ауылындағы нысан  98 пайызға дайын. Қазір абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Марқакөл ауылындағы спорттық-сауықтыру орталығы да салынып бітуге жақын. Екеуі де биыл толық қолданысқа беріледі.

Ал Үлкен Нарындағы жобаның үштен бір бөлігі бітті. Құрылысшылардың айтуынша, көптеген материалдарды қайта жаңартуға тура келген. «Дегенмен мамандар қыркүйек айында жабық жүзу бассейінін пайдалануға береміз», - деп сендірді. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов