Жезқазғанға жерасты суы жеткізіледі

Жезқазғанға Үйтас және Айдос жерасты су қорынан берілетін су көлемі ұлғаяды.

Бұл мақсатта жаңа ұңғымалар қазылып жатыр. Жоспарға сәйкес тереңдігі 100-120 метр болатын 19 ұңғыма бұрғыланады. Жерасты суы құбыр арқылы 50 шақырым жердегі облыс орталығына жеткізіледі. Төрт жыл бұрын ескі құбырлар да жаңғыртылған еді.

Жезқазғанға жерасты суын жеткізетін Үйтас-Айдос су құбыры өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген. Қаланы қамтуға қажетті судың небәрі 30 пайызы осы құбырмен келеді. Сондықтан 2022 жылдан бастап желіні жаңғырту бойынша 4 кезеңнен тұратын жоба жасалып, жүзеге асып жатыр. 50 шақырым құбыр тартылды. Енді ескі ұңғымалар жөнделіп, су көлемін арттыру үшін қосымша ұңғымалар қазылуда. Бірнеше учаскеде жұмыс жүріп жатыр.

Мақсат Бақтыбаев, мердігер ұйым өкілі:

- Осы Айдос жерасты су кен орнында 9 ұңғыма бұрғылаймыз. Жер қыртысы өте күрделі, тастақ. Дегенмен, бір аптаның ішінде 41 метр бұрғылап үлгірдік. Қазірдің өзінде ішуге жарамды су шықты. Жоспар бойынша ұңғымаларды 100-120 метр тереңдікте қазамыз.

Жаңадан бұрғыланған ұңғымаларға заманауи қондырғылар орнатылады. Оның қуаты секундына 40 литрге дейін су шығаруға мүмкіндік береді дейді мамандар. Жоба құны 8,8 млрд теңге. Қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінді. 

Аслан Арынов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Осы екі нысаннан жалпы 22,6 млн текше метр су жылына қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол барлық су тұтыну көлемін толық жабады. Енді бұл жұмыстар келесі жылы аяқталса қала тұрғындарын толық сапалы жерасты суымен қамтамасыз етеміз. 

Облыс орталығында ауыз су сапасын жақсартуға қатысты, тағы бір жоба қатар жүзеге асырылуда. Қалаға жеткізілген суды тазалайтын гидроцех жөнделіп жатыр. Жаңғыртудан соң кәсіпорын мембрандық технология бойынша жұмыс істейді. 

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов