Ақтөбе облысындағы екі ауылда мал қырылып жатыр

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында мал қырылып жатыр. Қызылжар селолық округіне қарасты екі ауылда 49 бас ірі қара өлген.  

Жайылымнан оралған  сиырлар алдына қойған жем-шөп пен суға қайырылмай, бірнеше күннен кейін құлаған. Малы қырылған ауылдықтар карантин жариялауды сұрады. Алайда өлекседен сынама алған мамандар жаппай шектеу қоюға негіз жоқ дейді. Облыстық ветеринария басқармасының өкілдері ірі қарадан тейлериоз анықталғанын жеткізді. Төрт-түлікке кенеден жұғатын паразит тез таралатын, қауіпті аурулардың қатарына жатпайды екен. Адамға да қауіп жоқ деп отыр. Сондықтан малды емдеу иесінің міндеті деген уәж айтады.

Күлсара Жақыпова, облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Ветеринарлар қазір аулаларды аралап, ауру жұқтырған мал басын есепке алып жатыр. Тұрғындарға бұл дерттің аса қауіпті аурулардың тізімінде жоқ екенін  де түсіндіріп жүр. Сондықтан алдын алу және ем-дом шараларын мал иелерінің өздері жүргізуі тиіс. Қора мен жайылымдарды улау қажет.