Елордада тұрғындар пәтер кілтін ала алмай отыр
Елордадағы «Цюрих» тұрғын үй кешенінің үлескерлері бірнеше жылдан бері өз пәтерлерінің кілтін ала алмай жүр.
G-Park компаниясы салған нысан 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бүгінде тұрғын үй ресми түрде тапсырылғанымен, ішкі жұмыстары толық аяқталмаған. Тіпті жеделсатылар да орнатылмаған.
G-Park компаниясының өкілдері біздің түсірілім тобын осылай қарсы алды. Қызметкерлер камераға түсіруге қарсылық білдіріп, жұмысымызға кедергі келтіруге тырысты. Оған қарамастан, біз «Цюрих» тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен тілдестік. Олардың айтуынша, пәтер құжаттары рәсімделгенімен, бірнеше жылдан бері кілт қолдарына тимеген. Сондықтан тұрғындар өз баспанасына кіріп, жөндеу жұмыстарын да бастай алмай отыр.
Қуаныш Қалмұратов, қала тұрғыны:
- Үйді 2023 жылдың желтоқсан айында сатып алдым. Бастапқыда оны 2024 жылдың ортасында тапсырамыз деген болатын. Ол кезде ғимарат сегізінші қабатқа дейін ғана көтерілген еді. Қыс мезгілінде құрылыс мүлде тоқтап қалды. 2025 жылы директорға бардық. Кейін бізге үй 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деген құжат келді. Құжаттарды алғаныма шамамен екі ай болды. Алайда әлі күнге дейін ештеңе дайын емес, лифт те іске қосылмаған.
Кейбір тұрғындар пәтерін ипотекаға рәсімдеген. Содан бері олар ай сайын несие төлейді. Сонымен қатар жалдамалы пәтердің ақысын өтеуге мәжбүр. Сорақысы, тұрғындарға кілттің нақты қашан берілетіні туралы компания тарапынан нақты жауап айтылмай келеді.
Мақсат Божбанбаев, қала тұрғыны:
- Басшылық тарапынан құрылыс нысанының нақты мерзіміне қатысты ешқандай мәлімет алған жоқпыз. Былтыр сұрағанымызда, «осы жылдың наурыз айында», кейін «мамыр айында тапсырамыз» деді. Содан бері мерзім қайта-қайта шегеріліп келеді. «Джи-Парк» компаниясы қызметкерлерінің осындай уәделерін тағы қанша уақыт тыңдаймыз? Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Негізі бұл кезеңде жұмыс қызу жүруі керек еді. Қазіргі жағдайына қарасаңыз, бұл жақын арада пайдалануға берілетін тұрғын үйге мүлде ұқсамайды.
Біз G-Park компаниясының ресми өкілінен тұрғындардың баспанасына қашан қоныстанатынын сұрадық. Оның сөзінше, негізгі мәселе – лифтілердің іске қосылмауы. Қазір оларды орнату жұмыстары басталып жатыр. Компания өкілі шілде айының соңынан бастап екінші блоктың тұрғындарына кілт беріле бастайтынын айтты.
Мақсат Досжанов, G-Park компаниясының ресми өкілі:
- Осы жылдың бірінші тоқсанында үйді тапсыруды жоспарлаған едік. Кейін 25 мамырға дейін үлгереміз деп міндеттеме алдық. Алайда ол да жүзеге аспады. 15 шілдеде лифтілер құрылыс алаңына жеткізілді. Монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша шілде айының соңына дейін лифтілер толық іске қосылады. 31 шілдеден бастап тұрғындарға кілттерді блоктар бойынша кезең-кезеңімен бере бастаймыз. Электр, су, жылу және кәріз желілерінің барлығы қосылған. Инженерлік желілерне қатысты проблема жоқ. Қазір тек лифтілерді орнату жұмыстары аяқталуы керек.
Елордада үлестік құрылыс мәселелерімен айналысатын әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына бірнеше мемлекеттік орган кіреді. Қазір қалада тәуекел санатына жататын 20 құрылыс нысаны бар. Ал құрылыс жүргізуге заңды рұқсаты бар кәсіпорындар тізімі «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» ресми сайтында жарияланып тұрады.
Әділхан Серікбаев, Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу саласын цифрландыру және үйлестіру бөлімінің бас маманы:
- Соңғы жылдары үлестік құрылыс саласындағы түйіткілдердің басым бөлігі шешімін тапты. Бұрын проблемалы нысандардың саны шамамен 150 үйді құрап, 16 мыңға жуық үлескердің мәселесі шешілмей келген еді. Қазір тәуекелі жоғары 20 нысан ғана қалды. Салыстырсақ, 2023 жылы мұндай нысандардың саны 26 болатын. Яғни осы уақыт ішінде тағы алты жобаның мәселесі оң шешімін тапты.
Қала әкімдігі тұрғындарға үлестік құрылысқа қаржы салмас бұрын құрылыс компаниясын мұқият тексеруге кеңес береді. Әсіресе арзан бағаға алданып қалмай, құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттарының бар-жоғын және «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігімен жүзеге асырылып жатқанын анықтап алған жөн.
Авторлары: Дариға Ташенова, Мейрам Жүнісов, Досхан Қоразов