Әлеуметтік маңызы бар цифрлық қызметтердің қолжетімділігі артады

Енді «eGov», «eGov Business», «eOtinish» және «Aitu» қосымшалары тарифсіз режимге өтеді. Яғни қазақстандықтардың ұялы телефонында ғаламтор трафигі болмаса да, платформаларды тегін әрі шектеусіз қолдануға болады.

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі мәлімдеді. Досжан Мұсалиевтің айтуынша, қазір әлеуметтік маңызы бар сервистердің қолжетімділігі артқан. Мұндай қадам мемлекеттік сектордағы сандық жүйелерді кеңінен пайдалануға жол ашып отыр.

Досжан Мұсалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министр:

- 19 маусымда Мемлекет басшысы телекоммуникацияға қатысты заңға қол қойды. Құжатта ұялы байланыс сигналының жұмысын жақсарту және мемлекеттік секторға тиесілі қосымшалардың қолжетімділігін арттыру қарастырылған. Сондай-ақ ел тұрғындарын алаяқтардан қорғау үшін оларға келетін қоңырауларды міндетті таңбалау жүйесі бар.