Шымкентте күре жолды кеңейту салдарынан үйлер мен дүкендер бүлініп жатыр
Шымкентте стратегиялық маңызы бар А-2 айналма жолын жаңарту жұмыстары жақында аяқталады.
Ұзындығы 30 шақырым болатын магистральдің бірнеше учаскесі пайдалануға беріліп, алты жолаққа дейін кеңейтілді. Алайда құрылыстың соңғы кезеңі сол маңдағы тұрғындар мен кәсіпкерлерге оңай тимей тұр. Тоқтаусыз жүрген ауыр техникадан үйлер бүлініп, бірнеше дүкеннің қабырғасына сызат түскен.
А-2 айналма жолы қаланың негізгі күре тамыры саналады. Құрылыс толық аяқталған кезде кептеліс азайып, жол қозғалысы жеңілдейді. Транзиттік әлеует артады. Дегенмен, ірі жобаның құрылысы көпшілікке кедергі болды, дейді сол маңның тұрғындары. Ауыр техниканың тоқтаусыз қозғалысы мен көтерілген шаң мазамызды қашырды деп отыр олар.
Ләйлә Қапашова, қала тұрғыны:
- Терезені аша алмаймыз. Шаң толып қалады үйге. Енді су сепкенімен бәрібір қазір күн ыстық. Соның салдарынан үйіміздің бәрі шаң толып жатыр. Әсіресе бізге қатты тиіп жатқаны жаңбыр жауған кезде су деген толып, есіктің алдына дейін кіреді.
Құрылыс созылған сайын маңайдағы кәсіпкерлік субъектілерінің де саудасы саябырсыған. Дәурен Дәулеталиевтің айтуынша, жер тегістеген техниканың салдарынан дүкенінің қабырғасы сөгіліп, едені шөккен. Арнайы сараптамадан соң ғимарат қайта жөндеуге жарамсыз деп танылды, дейді ол.
Дәурен Дәулетәлиев, кәсіпкер:
- Сауда тоқтады. Мына жердің бәрі аварийный состояние. Адамдар кіруге қорқады магазинге. Мына жерден грузавой машина өткен кезде магазиннің іші дірілдейді. Сарапшылар келіп, ремонттауға да жарамайды. Енді мұны тек қана бұзып тастап, жаңадан салу керек деп айтты бізге.
Салаға жауаптылардың сөзінше, Республика көшесінен Бадам өзеніне дейінгі аралықты жаңғырту жобасында кедергі көп. Құрылыс алаңына түскен 80 тұрғын үй мен қосалқы нысандар мемлекет қажеттілігіне қайтарылып, тағы бірқатарының құжаттары тексеріліп жатыр. Осыдан кейін барып зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі заң аясында қаралады.
Өмір Қалыбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Қосымша 15 заңсыз құрылыстар болған. Ол жаңағы қоршаулар, заңсыз салынған ғимараттар болатын. Олар бұзылды мемлекет мұқтаждығына. Құрылыс жұмыстарының барысында сараптаманың қорытындысымен құрылыс техникаларының әсерінен ғимаратқа залал келтірілді десе онда мердігер мекеме есебінен оны қалыпқа келтіру жұмыстары қаралатын болады.
Сегіз кезеңге жоспарланған стратегиялық маңызы жоғары құрылыстың басым бөлігі аяқталып, қолданысқа берілді. Жалпы жолдың 24 шақырымы алты жолаққа дейін кеңейтілді. Ал соңғы учаскені жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов