Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех анықталды
Ақмола облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданы аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, құрамында алтыны бар кенді өңдеуге арналған жасырын цехты анықтады.
Тексеру барысында алтынды ұсақтауға және балқытуға арналған арнайы жабдықтар табылды. Сондай-ақ 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, 2 миллион теңгеден астам қаржы және 8 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Сонымен қатар, тінту кезінде қару мен оқ-дәрілер анықталған.
Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар тұлғалар, сондай-ақ өндірілген бағалы металдардың нақты көлемі анықталып жатыр. Іс бойынша ұйымдастырушы қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз