Он ауыл табиғи газға қосылды

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында он ауыл табиғи газға қосылды. Соның нәтижесінде тағы алты мыңнан астам тұрғынның тұрмысы жақсарып, үйлері жылы әрі жайлы болмақ. 

Аудан ауылдарын газдандыру жұмыстары былтыр басталған. Бүгінде 63 елді мекеннің 22-сі көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Алдағы уақытта бұл жоба ауқымы кеңейе түседі. Жалпы облыста алты ірі магистральдық жоба іске қосылып, тағы 84 ауылға газ жеткізу жоспарланған.

Қаспан ауылындағы Балқия Табанованың үйі округте алғашқылардың бірі болып табиғи газға қосылды. Зейнеткер үшін бұл – көптен күткен қуаныш. Енді қысқа отын дайындап, көмір тасып немесе бос газ баллонын айырбастау үшін кезек күтудің қажеті жоқ.

Балқия Табанова, Қаспан ауылының тұрғыны:

- Қалада адамдардың газды қосып, пайдаланып отырғанын көргенде, «осындай күнге біз де жетеміз бе?» деп армандайтын едік. Құдайға шүкір, сол күнге де жеттік. Газды пайдаланып отырғанымызға екі жарым ай болды. Енді бойлер арқылы ыстық суымыз да келіп тұр.

Көгілдір отынның қызығын Қызырақын Рауанның отбасы да көріп отыр. Үлкен шаңырақты қыста жылыту оңай шаруа емес, әрі көмірге кететін шығыны да көп. «Ауылға табиғи газдың келуі елді мекендегі өмір сапасын жаңа деңгейге көтерді», -дейді үй иесі.

Қызырақын Рауан, Қаспан ауылының тұрғыны:

- Отын, көмір жағатынбыз. Көмір де жылдан-жылға бағасы көтерілген. Құдайға шүкір, газға жеттік. 

Асхат Сейдахметов, Кербұлақ ауданы түкш бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда тұрғындардың сұранысына сәйкес 6 елді мекенге газ тарту желілерінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Сараптамадан өткеннен кейін, жоспарға сәйкес 2027 жылы газ тарату желілерінің құрылысын бастау көзделген. Жалпы Жетісу облысында халықтың жартысынан астамы табиғи газ тұтынып отыр. Алдағы уақытта газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасады. «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аясында алты ірі жоба жүзеге асырылмақ.

Айдос Бекетаев, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазір біз бюджеттік ұсыныс беріп қойдық. Жақын арада осы үшінші тоқсанның ортасына дейін біз оны бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. 2028 жылдың басына дейін біз 84 елді мекенді газдандыру керекпіз. Сонда бізде 210 елді мекен толықтай газдандырылған болады. 

Сонымен қатар газдандырудың бірінші кезеңі де аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарындағы тағы 16 елді мекенге көгілдір отын беріледі. Нәтижесінде табиғи газ пайдаланатын ауылдар саны 126-ға жетеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев