Қарағандыда Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс тәлімбақтан тәркіленді
Қарағандыда заңсыз тәлімбақтан Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс тәркіленді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша жойылып кету қаупі бар қанаттыларды ұстап отырған азаматтың өзі Қазақстанның құсбегілік федерациясының мүшесі екен. Ол соған қарамастан, заңсыз тәлімбақты Қарағанды қаласындағы үйінің аумағында ұйымдастырған. Аңшылық пен қыран құстар туралы Instagram парақшасы арқылы Қызыл кітапқа енген құстарды аулап, сататын адамдармен байланысып отырған. Тәркіленген 35 жыртқыштың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Қазір күдікті қамауға алынды.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды. Қазіргі уақытта құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.