ШҚО-да экологиялық талап күшейтіледі
Шығыс Қазақстан облысында кәсіпорындардан ауаға тарайтын зиянды заттарды бақылау жүйесі жаңғыртылады.
Экологтар зауыттар мен жылу электр орталықтары үшін атмосфераға тарайтын зиянды заттардың шекті көлемін нақтылап, арнайы кесте әзірлемек. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сарапшылары жергілікті билік пен ірі кәсіпорындарға Өскемендегі ауа сапасын жақсарту жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Өнеркәсібі дамыған Өскеменде атмосфераға былтыр 158 мың тонна зиянды зат тараған. Өндіріс орындарының шығарындылары, автокөліктерден бөлінетін газ және пеш жағатын жеке сектордың түтіні ауаны ластап жатыр. Экология департаменті бұл көрсеткіштерді стационарлық бақылау бекеттерінен жинақтаған. Енді мамандар шығарындыларды есептеу тәсілін қайта қарап, нақты көрсеткіштерді анықтауды көздеп отыр. Әр кәсіпорын ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемін көрсетіп, мемлекеттік органдардан келісім алады. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық бағдарламаларын әзірлейді.
Әсет Сүлейменов, облыстық экология департаментінің басшысы:
- Жаңарған жүйеде барлығы анық көрсетіледі. Яғни әр кәсіпорынның атмосфераға қанша көлемде зиянды зат шығаратыны нақты беріліп отырады.
Эколог Дәулет Асанов шығарындыларды бақылау жүйесін де жетілдіру керек екенін айтады. Оның пікірінше, арнайы датчиктерді тек кәсіпорындардың аумағына ғана емес, шағын аудандарға да орнату керек. «Барлық көрсеткіш халыққа қолжетімді онлайн-базаға біріктірілуі қажет», - дейді сала маманы.
Дәулет Асанов, эколог:
- Қазір кәсіпорындардың эмиссияларының көлемін біз олардың айтуы бойынша ғана білеміз. Өйткені олар өздері нақты эмиссияларының көлемін жақсы біледі. Алайда мемлекеттік органдарға қалай керек, солай беріп отыр. Егер ол ақпарат автоматты түрде мемлекеттік органдардың базасына түсіп жатса, онда ол мәліметтерді біз турасынан білетін боламыз. Одан кейін алдай алмайды.
Қазір облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда экологиялық мониторинг жүргізетін 15 автоматтандырылған жүйе бар. Ал шағын қазандықтар мен жылу электр орталықтарында мұндай бақылау құрылғылары орнатылмаған. Сондықтан жоба әлі де пысықталуы керек. Облыс әкімдігінің ресми мәліметінше, 2021 жылдан бері зауыттардан тарайтын зиянды заттар көлемі 8 пайызға азайған. «Дегенмен есепке алынбаған нысандар да бар», - дейді мамандар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин