Шымкентте электр желілеріне екі есе жүктеме түсті
Шымкентте аптап ыстық электр желілеріне түсетін салмақты күрт арттырды.
Соның салдарынан қалада бірқатар авариялық ақау тіркеліп, энергетиктер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. 16 көше мен екі шағын ауданда электр жарығы өшкен. Желіге түсетін жүктеме сағатына 200 мегаваттан 459 мегаватқа дейін өскен. Ақау ошақтарында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар жарық беру кезең-кезеңімен қайта қалпына келтірілетінін айтады. Жалпы мегаполистегі электр желілерінің 57 пайызы тозған.
Нұрмұхамед Қарабеков, «Оңтүстік жарық транзит» мекемесінің техникалық директор орынбасары:
- Электр энергиясын тұтыну көлемі, әсіресе, шілде айында және қыс мезгілінде айтарлықтай артады. Бұл жазда әр үйде салқындатқыштар мен мұздатқыштардың көп қолданылуына, ал қыста жылытқыштардың көбеюіне байланысты. Қазіргі таңда туындаған ақаулар кезең-кезеңімен жойылып, электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.