Қазақстандықтардың 93%-ы елдегі этносаралық ахуалды тұрақты деп бағалайды
Қазақстан тұрғындарының 93,2 пайызы елдегі этносаралық ахуалды тұрақты деп бағалайды. Бұл – Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесі, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, зерттеу нәтижелері қоғамдағы татулық пен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.
Сауалнамаға қатысушылардың 86,8 пайызы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мемлекеттік шараларға оң баға берген. Ал респонденттердің 72,5 пайызы этникалық тегіне байланысты құқықтарының бұзылмағанын айтқан.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 140 мыңнан астам адам қатысып, бұл жұмыстарға 800-ге жуық сарапшы, журналист, блогер және этномәдени бірлестік өкілдері тартылды.
Бүгінде Қазақстанда 130-ға жуық этнос өкілі тұрады. Елде мыңға жуық этномәдени бірлестік, сондай-ақ өңірлерде 37 Достық үйі жұмыс істейді.
Министрлік мәліметінше, қоғамдық диалогты дамыту, мәдени бастамаларды қолдау және азаматтардың бірлігін нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз