Қызметтік иттер 90 есірткі қылмысын анықтады
Дрондар мен қызметтік иттердің көмегімен маусым айының басынан бері Қазақстанда 90 есірткі қылмысы ашылды.
Заңсыз айналымнан жарты тоннаға жуық түрлі есірткі заты тәркіленді. Төрт аяқты көмекшілер автожолдар мен теміржол бағыттарында тәулік бойы қызмет атқарып, есірткі тасымалы арналарының жолын кесуге көмектесіп келеді.
Бұл қызметтік ит Бакс. Оның иіс сезу қабілеті арнайы жаттығулар арқылы күн сайын шыңдалады. Ол жабық жәшіктерден бастап көлік пен багажға дейін түрлі жағдайда із кесуге машықтанады.
Жанар Меңдігерей, тілші:
«Менің қолымда есірткі затының арнайы оқу-жаттығуға арналған имитациясы. Қазір оны мына жәшіктің ішіне жасырып көреміз. Қызметтік иттеріміз оны таба ала ма? Байқап көрейік…»
- Міне көріп тұрғаныңыздай қызметтік иттіміз тығылған қоспаны тауып алды. Жарайсың.
Бакстың көмегімен жыл басынан бері 30-дан есірткі заттары анықталған. Оның 12-сі «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде тіркелген. Осыдан екі күн бұрын ғана Астана қаласындағы «Маралды» бекетінде есірткі затын анықтауға көмектесті. Кинологтардың айтуынша, қызметтік иттердің жұмысқа қабілеті тек жаттығуға ғана емес, күтіміне де байланысты. Сондықтан олардың денсаулығы тұрақты бақылауда болады. Әрбір жаттығу қызметтік иттің кәсіби дағдысын жетілдіруге бағытталған. Ал олардың жұмысқа дайындығы кинологтардың күнделікті еңбегімен ұштасады.
Абылайхан Ибраев, Астана каласы Полиция департаменті Кинологиялық кызмет орталығының кіші инспектор-кинологы:
- Иттердің жағдайы жақсы. Уақытылы вакциналарын алып тұрады, уақытылы витаминдерін беріп тұрамыз. Медициналық дәрігерлер бар, олар үнемі қарап тұрады, уколдарын салып, бәрін уақытылы істейді. Соған байланысты денсаулықтарына зақым келмейді, жұмысты жасап жүре береді.
Елімізде “Қарасора-2026” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Оның аясында полиция қызметкерлерімен бірге кинологтар да күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қызметтік иттер есірткіні тасымалдауы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізіп, заңсыз айналымның жолын кесуге атсалысып келеді.
Дастан Койшығарин, Астана каласы полиция департаменті кинологиялық кызмет орталығы бастығының орынбасары:
- «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы – бұл негізі еліміз бойынша жыл сайын өткізілетін іс-шара. Бұл іс-шарада біздің кинолог қызметкерлер қала аумағына кіретін блок-бекеттерде қызмет атқарады. Сондай-ақ қала ішіндегі «Қазпошта» желілерінде тексереді, әуежайларда, вокзалдарда кинолог мамандар «Қарасора» кезінде тәулік бойы қызмет атқарады. Бұл «Қарасора» деп аты айтып тұрғандай, бұл жерде есірткіге қарсы күреседі.
Биыл “Қарасора-2026” операциясы басталғалы қызметтік иттердің көмегімен еліміз бойынша 90 есірткі қылмысы анықталып, 550 келіге жуық түрлі есірткі заты тәркіленді. Елімізде жедел-профилактикалық іс-шара әлі де жалғасуда.
Жанар Меңдігерей, Мейрам Жүнісов