Тұрғын үйді реновациялаудың жаңа тетігі іске қосылды
Елде тұрғын үйді реновациялаудың жаңа тетігі іске қосылды.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңартуға кепілдік беру тетігін әзірледі. Енді бағдарлама тек ескі үйлерді бұзумен шектелмейді. Реновация инженерлік желілерді жаңарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтитын кешенді урбанистикалық жоба ретінде қарастырылады. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев хабарлады. Оның айтуынша, реновациялау процесінде тұрғындар өз пәтерлерін «бөлмеге бөлме» қағидаты бойынша тапсыра алады. Қазір елде 4200-ге жуық тозығы жеткен және апатты көп пәтерлі тұрғын үй бар. Оларды толық жаңарту үшін шамамен 3,2 трлн теңге инвестиция қажет. Осы мақсатта тиісті заңға өзгерістер енгізіліп, жеке инвесторларды тартатын жаңа нарықтық тетік іске қосылды. 2029 жылға дейінгі Жол картасы аясында апатты үйлер кезең-кезеңімен жаңартылады.
Қанат Мыңбаев, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Бірыңғай оператордың кепілдігі арқылы қорғау; жеке инвестицияларды тарту және бюджетке түсетін жүктемені азайту; тұрғын үй қорын жаңартып, заманауи әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыру. Реновация бағдарламаларын іске асыруда әкімдіктерге маңызды міндет жүктеледі. Олар реновациялау бағдарламаларына сәйкес реновациялауға жататын нысандардың тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.