Жұмыспен қамту көрсеткішінде оң динамика бар
Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар нақты нәтиже бере бастады. Бұл жайында бүгін Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыссыз азаматтардың басым санатына жататын 35 мыңнан астам адамның 8,4 мыңы бүгінде екі қолға бір күрек тапқан. Ал тағы 12 мыңға жуығы жұмыссыздар есебінен шығарылған. Негізі биыл жыл соңына дейін 548 мыңнан астам отандасымызды жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінде бұл жоспардың 46 пайызы орындалған. Айта кету керек, қазір Жұмыспен қамту орталықтары өз қызметтерінде жасанды интеллектіні жиі қолданады. Мұндай пилоттық жоба Павлодар облысында іске қосылған. Яғни, нейронды желі азамат туралы мәліметтерді талдап, Telegram-бот арқылы оған сәйкес келетін бос жұмыс орындары мен оқу курстарын ұсынады. Сондай-ақ жиын барысында NEET санатындағы жасатрдың да жағдайы да жеке қаралды. «Отбасының цифрлық картасы» платформасының деректеріне сәйкес, мұндай жастардың саны қазір 6,7 пайызға азайған. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш бірден 31,5 пайызға төмендеген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұған жастар ресурстық орталықтарының нақты жұмысы мен «Жасыл ел» жобасы әсер еткен. Жиын соңында вице-премьер Маңғыстау облысына қатысты арнайы тапсырма берді. Өйткені өңірде жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші республикалық орташа деңгейден төмен. Осыған байланысты облыс үшін жұмыспен қамтудың жеке тәсілдерін әзірлеу туралы шешім қабылданды.