Елімізде 4739 адам донорлық кезекте тұр
Мәйіттік донорлар саны соңғы жылдары төрт есе артып, мультиағзалық донорлық үрдіс үш есе өскен. Дей тұрғанмен транспланталогия саласына енжарлық танытушы азаматтар қатары да аз емес, - дейді мамандар.
Мәселен, 16 мыңнан аса азамат мәйіттік донорлыққа келісімін берсе, бастартушылар саны бұдан 10 есе асып түскен. Ал денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, елімізде 4 мың 700-ден аса науқас ағза алмастыру кезегінде тұр. Оның 130-ға жуығы кәмелетке жасқа толмаған балалар. Олардың дені бүйрек трансплантациясына мұқтаж болса, 300-ге тарта азамат бауыр, 200-ден астамы жүрек және отызы өкпе донорлығына тәуелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтың көзі тірісінде ағза алмастыруға қатысты білдірген ерік-жігері көз жұмған соң міндетті түрде ескеріледі және ол ақпарат тек тәуелсіз дәрігерлер консилумы ми өлімін анықтаған жағдайда ғана белгілі болады. Бұл ретте медицина мамандары қайтыс болған адамның туыстарының да келісіміне жүгінеді.
Назгүл Жілгелдина, Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:
- Елімізде бәрі бар. Трансплантациялық орталықтар, құрал-жабдықтар, дәрігерлер, дәрілер, медициналық авиацияға дейін бар, бірақ қоғамның қолдауы қажет.
Мэлс Асықбаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантация секторының жетекшісі:
- Туыстық трансплантациямен қазір күту парағында тұрған пациенттерді толық трансплантациямен қамтамасыз ете алмаймыз. Яғни, дүниежүзінде донор мәселесі өзекті болып тұр. Ең бірінші шешімдердің бірі ол - мәйіттік трансплантацияны дамыту.