Енді алимент бұрынғыдай аударылмайды: 25 тамыздан бастап не өзгереді?
2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді сот орындаушылары өндіріп алған алимент қаражаты тек арнайы ашылған банктік шотқа ғана аударылады, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл талап 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен енгізілді. Соған сәйкес «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң 102-1-баппен толықтырылды.
Жаңа нормаға сәйкес, алимент алушы арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы тиіс. Осы шотқа ғана өндірілген алимент қаражаты аударылады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, өзгерістің негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету. Заң бойынша мұндай арнайы шоттағы ақшаға тыйым салынбайды және ол өндіріп алушының басқа да қарыздары бойынша өндіріп алуға жатпайды. Бұл алименттің тек өзінің тікелей мақсатына жұмсалуына мүмкіндік береді.
Министрлік арнайы банктік шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайтынын да атап өтті. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы өндіріп алушыны арнайы шот ашып, оның деректерін ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді. Шот ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат толық көлемде аударылады, ал осы кезеңдегі алимент бойынша берешек сақталады.
Арнайы банктік шоттарды ашу тәртібі Ұлттық банктің қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Әділет министрлігі арнайы алимент шоттарын ашатын екінші деңгейлі банктердің тізімін немесе ашылған мұндай шоттардың санын жүргізбейтінін мәлімдеді. Бұл ақпарат Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және екінші деңгейлі банктерге тиесілі.
Жаңа тәртіп алимент алушылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз