Құрылтай сайлауы қарсаңында партияаралық теледебаттар өтеді
Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі сайлауалды науқан аясында республикалық телеарналардың эфирінде партияаралық теледебаттар өтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары белгіленген талаптарды сақтай отырып, дебаттар өткізу үшін өз алаңдарын ұсынуға құқылы.
Ол бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталғанға дейін, яғни 2026 жылғы 18 шілдеге дейін, шарт негізінде үгіт материалдарын орналастырудың құны мен талаптары туралы ақпаратты жариялап, оны Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға міндетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар телеэфирге шығуға, оның ішінде теледебаттарға қатысуға байланысты шығындарды өздерінің сайлау қорлары есебінен қаржыландыра алады.
Ләззат Сүйіндіктің сөзінше, қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы 24KZ телеарнасында партияаралық теледебаттарды ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, комиссияға түскен өтінімдерге сәйкес, теледебаттарды Qazaqstan, 7 арна және Jibek Joly телеарналарының эфирінде өткізу де жоспарланған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз