Лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды: ШҚО-да мұғалімдердің жеке дерегі жарияланып кетті
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында жүздеген мұғалімінің дербес деректері жарияланып кеткен. Прокуратура оны дер кезінде анықтап, шара қолданды, деп хабарлайды «24KZ».
Бас прокуратура мәліметінше, Ұлан ауданындағы мектептер мен балабақшаларда істейтін 600-ден астам педагогтің дербес деректері тарап кете жаздады. Жеке мәліметтер міндетті медициналық тексеруден өткізу бойынша қызметтерді сатып алу туралы хабарландыруға қоса тіркелген. Қызметкерлердің жеке дерегі (ТӘА мен ЖСН), атқаратын лауазымы, тұрғылықты мекенжайы және жеке байланыс телефон нөмірі Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.
«Құпия ақпараттың таралуына тікелей қауіп төндірді», – деп есептейді құзырлы мекеме.
Прокуратура 611 қызметкердің заңсыз жарияланған мәліметтері көпшілікке ашық порталдан өшірілді. Құзырлы мекеме кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылғанын хабарлады.
Бас прокуратура дербес деректерді заңсыз жинаған, өңдеген немесе таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз