Ақтауда Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысы өтті

Тараптар сауда-инвестициялық байланысты дамытып, тауар айналымын арттыру тетіктерін талқылады.

Олжас Бектенов «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын толыққанды іске қосудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі атап өтілді. Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық маңызы бар негізгі көлік бағыттарының торабында орналасқандықтан айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік бағытының орны бөлек. Былтыр Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 8 млн тоннаға жұк жөнелтілді. Биыл Қазақстан порттары арқылы контейнерлік тасымалдау 5%-ға артты. Кездесуде екі ел арасында туристік бағытты дамытуға да ден қойылды. Жиында жалпы сомасы 80 млрд теңгеден астам коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Жаңа уағдаластықтар шекара маңы байланыстарын нығайтуға және Орталық Азияның орнықты экономикалық дамуына ықпал етуі тиіс. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Өзбекстан дәстүрлі түрде Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Оған еліміздің Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы тауар айналымының шамамен 55 пайызы тиесілі. Алайда біздің алдымызда екіжақты тауар айналымын $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті тұрғаны мәлім. Мақсат ауқымды болғанымен қалыптасқан әлеуетті ескере отырып, бұған қол жеткізу әбден мүмкін. Мәселен, былтыр өзара сауда көлемі 4,8 млрд долларды құраса, осы жылдың бес айының қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш 37%-ға өсіп, 2,3 млрд долларға жетті. Осы алған қарқынды бәсеңдетпей, бірлесіп әрекет етуіміз абзал.

Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі:

- Біздің бүгінгі кездесуіміз Каспий теңізінің інжу-маржаны әрі өңіріміздің маңызды көлік-логистикалық хабы саналатын Ақтау қаласында өтуінің мәні зор. Қазақстан Өзбекстан үшін жақын көрші ғана емес, сенімді стратегиялық серіктес әрі одақтас мемлекет. Өңіраралық әріптестік өзара іс-қимылымыздың басым бағыттарының біріне айналды. Осыған байланысты мемлекеттеріміздің құрметті президенттері Өңірлер басшылары кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Өңірлік деңгейдегі тікелей байланыстар өзбек-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға қуатты серпін беретініне сенеміз.