Таразда инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды
Бүгін болашақ нысанның іргетасына уақыт капсуласы салынып, құрылысқа ресми түрде старт берілді. Президент тапсырмасы аясында қолға алынған жоба, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа орталық баршаға қолжетімді болып, ерекше қажеттілігі бар жандардың спортпен еркін айналысуына мүмкіндік береді.
Нысан 1,6 гектар аумақта бой көтереді. Жалпы ауданы – 3600 шаршы метр. Бір мезетте 300 адамды қабылдайтын орталықта жаттығу залдары, спорт алаңдары және жарыстар өткізуге қажетті жағдайлар жасалады. Құрылыс жұмыстары биыл тамызда басталып, 2027 жылдың наурызында аяқталады деп жоспарланған.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Бұл жай ғана спорт нысаны емес. Бұл – әр азаматқа тең мүмкіндік беруге, мүгедектігі бар азаматтарға спортпен тұрақты айналысуға жағдай жасауға және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.
Жаңа кешенде республикалық және өңірлік жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіледі. Бұл орталық өңірдегі параспорттың дамуына тың серпін беріп, ауыл-аймақтағы ерекше қажеттілігі бар балалардың да спортқа келуіне жол ашады.
Зүлфия Ғабидуллина, Рио паралимпиадасының чемпионы:
- Мен бұл орталықтың салынуын көптен күттім. Бүгін ерекше қуаныштымын. Ауылдарда спортпен айналысқысы келетін ерекше қажеттілігі бар жастар өте көп. Енді олар осында келіп, кәсіби деңгейде жаттыға алады. Бұл инклюзивті спорттың дамуына үлкен мүмкіндік береді.
Өңірде спортпен айналысуға мүмкіндігі бар 19 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың 4 мың 383-і тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Ал биыл өңірдің 200 спортшысы ұлттық құрама қатарына енді. Жаңа орталық бұл көрсеткішті арттырып, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады деген үміт мол.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә