«Әділет» партиясы сайлаушылармен кездесті
Бүгін сайлауалды үгіт-насихат науқанының үшінші күні. Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырды.
Саяси бірлестік мүшелері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр. Партиялардың өкілдері кәсіпорындарға, өндіріс ошақтары мен еңбек ұжымдарына барып, кездесулер өткізді.
Қостанайда «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп, сайлаушылармен белсенді жұмысын жалғастырды. Үгіт-насихат науқаны аясында қала тұрғындарымен «есіктен есікке» акциясы аясында кездесулер өтті. Үйлерді аралау барысында кандидат тұрғындармен жүзбе-жүз тілдесіп, үгіт-насихат материалдарын табыстады. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Жеке кездесулер форматы партияның түйінді бастамаларын таныстырып қана қоймай, қала тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдауға жол ашты.
Екатерина Смышляева, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Дәл осындай тікелей кездесулер тұрғындардың нақты сұранысын тереңірек түсінуге және ашық диалогқа негізделген жұмысты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Халықтың тұрмыс сапасын шын мәнінде жақсартатын шешімдерді азаматтармен бірлесіп қана қабылдауға болатынына сенімдімін.
«Ауыл» партиясының өкілдері қарағаш ауылында сенбілік ұйымдастырды
Бүгін «Ауыл» партиясының өкілдері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты. Тазалық шарасына 50-ге жуық партия белсенділері, сондай-ақ, ауыл тұрғындары атсалысты. Қала іргесінде орналасқан Қарағаш ауылдық округінің құрамына: Самбай және Нұрбұлақ ауылдары қарайды. Ауылда 260 үй бар. Жергілікті жұрт ауылшаруашылығымен айналысады. Партия өкілдері тұрғындармен бірлесіп ауыл көшелерін тазалап, ретке келтірді.
Кәмшат Төлеуова, «Ауыл» партиясының мүшесі:
- «Таза Қазақстан» акциясының мағынасы өте ауқымды. Түсінген адам үшін ол тек айналаны таза ұстаумен шектелмейді. Бұл – адамның ішкі тазалығы, ниетінің тазалығы, рухани мәдениеті. Сондықтан «Таза Қазақстан» тек жастардың ғана міндеті болмауы керек. Әрбір қазақстандық тазалықты өзінен және өз айналасынан бастаса, ел болып үлкен нәтижеге қол жеткізер едік.
ЖСДП еркіндік марафонын өткізді
Бүгін елордада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы «Еркіндік марафонын» өткізді. Триатлон саябағында ұйымдастырылған спорттық іс-шараға қатысушылар скандинавиялық жүріспен жарысты. Салауатты өмір салтын насихаттау науқанына партия белсенділері, жастар қанатының өкілдері, волонтерлер мен зейнеткерлер қатысты. Мәре алаңында сөз сөйлеген партия мүшелері үлкенге құрмет көрсету – қоғамның басты құндылығы, ал зейнеткерлерге деген қамқорлық кемелділіктің көрсеткіші екенін атап өтті. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан 33 адам Құрылтай депутаттығына үміткер.
Мақсұт Насибулов, ЖСДП орталық аппаратының жетекшісі:
- Барлық партия сайлауға қатысып жатыр, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жатыр. Барлық азаматты өз таңдауын жасауға шақырамын. Оған белсенді қатысу керек. Өйткені бұл өзіміздің, ұрпағымыздың болашағы. Болашақта барлық өңір қамтылады. Біздің кандидаттарымыз Қазақстанның түкпір-түкпіріне барады. Тек қала ғана емес, аудан ауылдар да бар.
Елде 2 млн-нан астам кәсіпкер тіркелген. Оның 48 пайызы – әйелдер. Дегенмен олар әкімшілендіру, қаржыландыру жағынан кейде қиындықтарға тап болады. Бүгін сайлаушылармен кездескен «Ақ жол» партиясының төрағасы осылай деді. Дания Еспаеваның айтуынша, әйелдер бүгінде қызмет көрсету, білім беру және сауда-саттықтың төңірегінен шыға алмай жатыр. «Ендігі мақсат – оларға барынша қолдау көрсетіп, басқа да салаларды игеруіне мүмкіндік беру. Олардың өнімін экспортқа шығаруға жәрдемдесу керек», - дейді. Жиын барысында партия сайлаушыларға сайлау бағдарламаларын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді
Дания Еспаева, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:
- Біздің әйелдеріміз, кәсіпкерлеріміз Қазақстан экономикасына көптеген өз үлесін қосып отыр. Алайда олардың дамуына әлі де кедергілер бар. Сондықтан бүгінгі біздің кездесуіміз тек біздің үгіт-насихат емес.
«Байтақ» партиясының мүшелері орманшылармен кездесті:
- «Байтақ» партиясы сайлауалды бағдарламасын Астананың жасыл белдеуінде таныстырды. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев бастаған делегация «Астана орманы» кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Жиында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Саяси бірлестік өкілдері таза ауа, сапалы ауыз су, азық-түлік қауіпсіздігі және «жасыл» жұмыс орындарын көбейту мәселелеріне тоқталды. Партия мүшелерінің айтуынша, экология – қоршаған ортаны жай қорғау ғана емес, сонымен қатар әр отбасының денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» партиясының төрағасы:
- Біздің партияластарымыз орман шаруашылығында қызмет атқаратын мамандармен кездесті. Олар біздің сайлауалды бағдарламамызды халыққа таныстыратынымызды естіп, өздері келіп қатысты. Кездесу барысында су мен ауа мәселелеріне қатысты сараптамалық дәлелдер келтіріліп, заманауи технологияларды пайдалану арқылы осы түйткілдерді шешу жолдары сайлауалды бағдарламамызда нақты қамтылғаны айтылды.