Павлодар облысында халықаралық волонтерлер форумы өтті

Павлодарда инклюзивті білім беруді дамытуға арналған халықаралық форум өтті.

Қазақстан мен шетелден келген волонтерлер, сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері үздік тәжірибелерін бөлісіп, пікір алмасты. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа бағыттарын айқындады.

Форумға Әзербайжан, Беларус, Қырғызстан және Өзбекстаннан қонақтар келді. Өзара тәжірибе алмасып, инклюзивті волонтерлікті дамыту бағыттарын талқылады. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова волонтерлік белсенді азаматтық ұстанымның көрінісі екенін атап өтті.

Айгүл Мәлікова, облыс әкімінің орынбасары:

- Бұл Заң үстемдігін, Әділетті қоғамды және әрбір азаматтың жауапкершілігін нығайтуға арналған маңызды тарихи қадам. Конституцияның басты құндылықтары - ол бірлік, өзара құрмет, жауапкершілік, отанға адал қызмет ету. Бұл қағидаттар еріктілер қозғалысының негізгі ұстанымдары. 

Форумға қатысушылар мүгедектігі бар жандардың көрме-жәрмеңкесін тамашалады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар түрлі бұйымдар ұсынды.

Евгения Стельвага, қоғамдық қор жетекшісі:  

- Ең күрделі міндет – осы жұмыстарға арналған арнайы оқыту әдістемесін әзірлеу. Мысалы, картиналар аралас техникамен орындалған. Бұл техника түрі балаларға еңбек нәтижесін бірден көріп, өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар оларды уақыт пен табандылықты қажет ететін күрделі шығармашылық жобаларға біртіндеп бейімдейді.

Шетелдік делегаттар өңірдегі әлеуметтік және оңалту орталықтарының жұмысымен танысты. Оларды ең әуелі инклюзивті қолдау бағытындағы тәжірибелер қызықтырды. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдарға жасалған жағдайларды бағалаған меймандар инклюзивті білім беру мен әлеуметтік қолдау саласындағы тәжірибе басқа елдерге үлгі бола алатынын айтты. 

Айсел Гасанова, форумға қатысушы /Әзербайжан/:

- Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оңалту   орталығында болдық. Онда арт-терапия бөлмесінен бастап сенсорлық бөлмелерге дейінгі түрлі кабинеттер бар екен. Әсіресе орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуы ерекше ұнады. Бұл үлгіні Әзербайжанның жүйесіне енгізуге ұсыныс жасағым келеді. 

Форум қорытындысында волонтерлікті дамытудың алдағы екі жылға арналған негізгі бағыттары айқындалды. Инклюзивті волонтерлікті қолдауға арналған бірлескен жоспар әзірленіп, үздік әлеуметтік жобалар мен тәжірибелерді қамтитын электронды қор қалыптастыру көзделген. Сонымен бірге жаңа бастамаларды жүзеге асыру туралы келісім жасалды. 

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков