Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер саны рекордтық деңгейге жетті
Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдер саны алғаш рет 4,5 миллионнан асты. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ел экономикасының түрлі салаларында 4 млн 527,1 мың әйел еңбек етіп жүр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9%-ға көп, деп хабарлайды «24KZ».
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жұмыспен қамтылған әйелдердің 79,6%-ы немесе 3 млн 602 мың адам – жалдамалы қызметкер. Ал 925,1 мың әйел (20,4%) өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Әйелдер ең көп еңбек ететін сала – білім беру. Бұл бағытта 902,2 мың адам жұмыс істейді. Екінші орында көтерме және бөлшек сауда саласы – 877,6 мың адам, ал үшінші орында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласы тұр. Мұнда 426,3 мың әйел еңбек етеді.
Сонымен қатар өнеркәсіпте 388,1 мың, ал ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 351,2 мың әйел жұмыспен қамтылған.
Соңғы бір жылда әйелдер жұмыспен қамтылуы ең қарқынды артқан салалар қатарында жылжымайтын мүлікпен операциялар (+25,7%), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (+21,9%), көлік және қоймалау (+16,2%) және өнеркәсіп (+7,6%) бар.
Өңірлер арасында өсім Қарағанды облысында (+7,8%), Ақтөбе облысында (+6,5%), Алматы қаласында (+6,3%) және Түркістан облысында (+6,1%) жоғары болды.
Статистикаға сәйкес, әйелдердің басым бөлігі қалада еңбек етеді. Қалалық жерлерде жұмыспен қамтылған әйелдер саны 3 млн 8,5 мың адамды құрады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз