Дубай әйел мәртебесін көтеруге бет бұрды
Дубайда ана мен әйел мәртебесін көтеріп, қоғамдағы рөлін күшейтетін жаңа бастама жарияланды. Әмірлік билігі ресми құжат айналымынан «үй шаруасындағы әйел» ұғымын толықтай алып тастады.
Оның орнын «ұрпақ қалыптастырушы» деген сөз алмастырды. Бұл өзгеріс қоғамдық сананы серпілтіп, дәстүрлі құндылықтарды жаңартуға сеп.
Әмірлік - қатаң тәртіп пен дәстүрлі құндылықтарды ұстанатын ел. Отбасы институты өзгеше қалыптасқан. Қоғамда әйелге қарағанда ер азаматтың орны жоғары. Билік сол алшақтықты жоюға бет бұрды. Құрылымдық өзгеріс жасамаса да, құрмет пен құндылықты арттыратын бастаманы қолға алды.
Шейх Хамдан Бин Мұхаммед Бин Рашид Әл Мактум, Дубайдың тақ мұрагері:
- Ана ұлттың болашағын қалыптастыратын құндылықтарды алғаш болып ұрпақ санасына сіңіреді. Олардың еңбегі орасан. Сол себепті аналарымызды "үй шаруасындағы әйел" деген атаудан аулақ болуымыз керек. "Ұрпақ тәрбиелеуші әрі қалыптастырушы" деген сөз орынды дер едім. Бұл - олардың өлшеусіз еңбегіне көрсетілген құрмет.
Дубайдың тақ мұрагері осылай дегенмен ел өмірінде көзқарас біркелкі емес. Әзірге бір ғана аймақта әйел адамға қатысты жаңа атау кең қолданыла бастады. Яғни құжат айналымы ауысты. Қалған әмірліктер үнсіз. Бір есептен бұл – федеративтік жүйедегі ерекшелік. Дәстүр мен руханиятқа қатысты дүниелер ұзақ әрі бейтарап негізде қаралады. Айта кеткен жөн, елде мемлекеттік қызметшілер санының басым бөлігі – әйел адам. Бизнесте де үлесі мол.
Нада Айлабуни, Әмірлік тұрғыны:
- Бастама өте сәтті шықты. Қыз-келіншектер қауымы дән риза. Расымен де әйел адам үй шаруасымен ғана шектеліп қалмау керек. Олардың қоғамға әсері мол. Ұрпақ өсіру, тәрбиелеу елдің келешегін құру дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда мен биліктің қолдауын сезініп отырмын.
Әлия Әлуаи, кәсіпкер /БАӘ/:
- Біздің мемлекет әйелдердің барлық салада жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді. Керісінше жағдай жасайды. Оларды бизнесте де, мемлекеттік қызметте де жиі кездестіретін болдық. Елдің өсіп- өркендеуіне үлес қосып жүр. Отбасын құрып, ұрпақ өрбітуіне де көмек береді.
Шығанақтағы араб елдерінің гендерлік теңдік мәселесі бұған дейін халықаралық ұйымдар тарапынан жиі сынға ұшырайтын. Осыған байланысты жергілікті үкіметтер әйел құқығына баса назар аударды. Бірер жыл бұрын Саудияда қыз-келіншектердің көлік тізгіндеуіне рұқсат етілді. Ал әмірлікте бұл саладағы бетбұрысты шешім әлдеқашан қабылданған.
Ана мен әйел мәртебесін көтеріп, рөлін күшейтетін бастама өңір елдеріне үлгі бола алады. Осы орайда Дубай өзіндік оң тәжірибе ұсынып отыр. Әлеуметтанушылардың айтуына қарағанда, «ұрпақ қалыптастырушы» ұғымының маңызы алдағы уақытта арта түседі. Тіпті араб түбегіне тән отбасы институтын заманауи құндылықтарға сай бейімдеуге жол ашуы мүмкін.
Авторы: Рауан Мыңбай