Ұлттық қор балаларға: $62,7 млн жұмсалды
"Ұлттық қор балаларға" бағдарламасы іске қосылғалы бері қазақстандықтар 62,7 млн долларды пайдаланған.
Қаржының басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. Ал білім алуға ақы төлеуге 21 млн доллардан астам қаражат жұмсалған. Бүгінде бағдарламаға 7 млн-ға жуық бала қатысып жатыр. Бұл қаражатты балалар кәмелет жасына толғаннан кейін ғана пайдалана алады.
Мақұлданған өтінімдер – $62,7 млн
Тұрғын үй жағдайын жақсарту – $41,01 млн
Білім алуға ақы төлеу – $21,69 млн
Ақмарал Мақұлбекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Мемлекеттің жас азаматтарға қамқорлығының негізгі бағыттарының бірі балалардың ұлттық игіліктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Президенттің бастамасымен "Ұлттық қор балаларға" бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа толмаған қазақстандық балалардың туған кезде автоматты түрде ашылатын жеке шоттарына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады.
Биыл әр балаға 130 доллар 71 центтен есептелді. Салыстырсақ, былтыр бұл көрсеткіш 129 доллар 38 цент болса, 2024 жылы 100 доллар 52 цент болған. Осылайша инвестициялық табысты қоса есептегенде, бүгінде балалардың шотында 370 доллар 56 центтен жинақталған. Ал биыл Ұлттық қордан балаларға есептелген қаражаттың жалпы көлемі 901 млн доллардан асты.
2024 ж. – $100,52
2025 ж. – $129,38
2026 ж. – $130,71
3 жыл ішінде – $370,56
Жалпы есептелген сома – $901 722 087
Гүлнұр Ағайдарова, "БЖЗҚ" АҚ Төлемдер әдіснамасы басқармасының басшысы:
- Нысаналы жинақтардың алушысы қаражаттың толық көлемін немесе оның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға не білім алу ақысын төлеуге пайдалана алады. Пайдаланылмаған қаражаттың қалған бөлігі жеке зейнетақы шотында 10 жыл бойы сақталады. Егер осы мерзім ішінде өтініш беруші, яғни кәмелетке толған бала, бұл қаражатты пайдаланбаса, игерілмеген қалдық алушының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.