Жолдау жүктеген негізгі міндеттер пысықталды

Кешегі Жолдау – бүгінгі міндет, ертеңгі нәтиже. Президент жүктеген тапсырмаларды енді нақты іске айналдыру керек. Бүгін Министрлер кабинеті бас қосып, Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарын жүзеге асыру тетіктерін талқылап жатыр.

Басты мақсат – айтылған бастамаларды қағаз жүзінде қалдырмай, ел дамуына серпін беретін нақты нәтижеге қол жеткізу. Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру, жолдарды жаңарту, ең төменгі жалақыны көтеру сияқты жұмыстар білек сыбана кірісетін алғашқы шаруалардың бірі болмақ. Үкімет тағы немен айналысады?

Тапсырма берілді. Енді созбалаңға салуға уақыт жоқ. Кеше Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер бүгіннен бастап нақты іске ұласуы керек. Үкіметтің бүгінгі отырысында осы тапсырмаларды орындау тетіктері пысықталып жатыр. Атқарылуы тиіс алғашқы шаруа бизнестің ұсыныстарын ескеріп, Салық кодексіне өзгерістер әзірлеу, ауқатты адамдар үшін салықтың жоғары мөлшерлемесін енгізу, барлық аймақта жаппай құрылыс жұмыстарын қолға алу. Бірінші кезекте салынатын нысандар 70-ке жуық денсаулық сақтау мекемесі. Бұл жерде басымдық өңірлерге беріліп отыр. Басы ауырып, балтыры сыздаған қарашаға алғашқы көмек қолжетімді болу үшін жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтермек.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады. Алдағы ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл  бастама «Халықтық құрылыс» деп аталады. Әлеуметтің әлеуетін көтеру де басты жұмыс қатарында. Енді елде жәрдемақылардың жаңа жүйесі іске қосылады.

Елдегі жолдардың да жай-күйі жақсарады. Келесі жылы іске қосылатын және қолға алынатын жобалар тізімінде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске, «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы, «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту бар.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы – әр салаға жүктелген міндеттердің басты жоспары. Ендігі мәселе – сол тапсырмаларды созбалаңға салмай, жедел әрі сапалы орындау керек. Экономикадан бастап, әлеуметтік салаға дейін атқарылар жұмыс аз емес. Жиында Үкімет басшысы Министрлер кабинетіне осыны еске салды. Әр жүктелген тапсырманы уақытылы орындап, халық  игілігін  көру қажеттігін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз: