Семейден Астанаға жаңа рейс: билет құны белгілі болды
Семейден Астанаға қатынайтын әуе рейстерінің саны көбейеді. 3 тамыздан бастап «Семей – Астана – Семей» бағыты бойынша жаңа әуе рейсі іске қосылады, деп хабарлайды «24KZ».
Жолаушыларды сыйымдылығы 78-ден 84 орынға дейінгі Bombardier Q-400 ұшағы тасымалдайды. Рейсті «Vietjet Qazaqstan» әуе компаниясы жүзеге асырады.
Ұшақ аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды. Билет құны 20 мың теңгеден басталады. Алдағы уақытта сұранысқа қарай рейстер санын аптасына жетіге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Ұшу кестесіне сәйкес, әуе кемесі Астанадан сағат 07:45-те көтеріліп, Семейге 09:20-да қонады. Семейден 09:40-та ұшып, елордаға 11:20-да жетеді. Ұшу ұзақтығы – 1 сағат 35 минут.
Қазіргі уақытта Семей әуежайынан Алматы, Астана, Үржар және Қарағанды бағыттарына әуе рейстері орындалады. Бұл бағыттар бойынша «FlyArystan», «Оңтүстік аспаны» және «SCAT» әуе компаниялары қызмет көрсетеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз