Smart Turmys: коммуналдық қызметтер бір платформаға біріктіріледі
Алдағы 3 жылда Қазақстанда 7,3 ГВт жаңа генерация көзі іске қосылады. Олардың жалпы сомасы 6,2 трлн теңгеге тең. Мұның ішінде қолданыстағы қуаттарды алмастыруға бағытталған жобалар да көзделіп отыр.
Салаға серпін беретін бастамалар энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында жүзеге асады. Атқарылуы тиіс шаруалар қатарында өңірлерді сенімді жылу желісімен қамту да басты назарға алынған. Жоспарлы жұмыстардың барысы бүгінгі үкімет отырысында жан-жақты талқыланды.
Алдағы 3 жылда Қазақстанның энергетика жүйесінде ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер күтіліп отыр. Себебі ұлттық жоба шеңберінде ширақ атқарылуы тиіс шаруа көп. Маңыздыларын тізе кетсем, 2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр. Тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындардың үлесі шамамен үштен екісін құрауға тиіс. Биылдың өзінде Ұлттық жоба аясында шамамен 2 500 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Аталған қуаттарды іске қосу 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт/сағ көлемінде профицитін қалыптастырады. Сонымен қатар Ұлттық жобашеңберінде 2028-2029 жылдары 4 000МВт-тан астам қуатты іске қосу көзделген.
Мұнымен қоса, жыл соңына дейін Қызылорда облысында қуаты 240 МВт бу-газ қондырғысы ел игіліне беріледі. Және Жетісу облысындағы Текелі энергия кешенін жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталды. Осылайша, жыл соңына дейін 2000 аса МВт іске қосылмақ. Өңірлерді сенімді әрі қауіпсіз жылумен және электрмен жабдықтауды да күн тәртібінен түспеген. Қараша қыста қалтырап қалмас үшін жауаптылар қамданып жатырмыз деп сендіріп отыр. Аудан, ауыл өңірлердегі тозығы жеткен коммуналдық желілерден құтылатын күн де алыс емес. Алдағы үш жылда көрсеткшті 40%-ға дейін төмендету жоспарланыпты.
Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- 2025-2029 жылдары инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені, оның ішінде коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына – 6,2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат 84 мың шақырым желіні жөндеуді және жаңғыртуды, 7 309 мегаватт қуатты іске қосуды, 27 энергия өндіру нысанын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады.
Қазақстанда жыл соңына дейін Smart Turmys бірыңғай коммуналдық қызметтер платформасы іске қосылады. Алғашында пилоттық режимде жұмыс жасамақ. Сандық қосымша абоненттердің бірыңғай тізілімін қалыптастырады. Қарапайым тілмен айтсақ сіз біз ай сайын төлеп жүрген коммуналдық төлемдердің есепке алуын цифрландыруға, шығындарды бақылап, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Ержан Қанапияұлы