Мемлекет басшысы ірі қалалардың даму жоспарын бекітуді тапсырды
«Мемлекет басшысы ірі қалалардың Үкімет бекіткен нақты және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуы тиіс», – деді. Ел әлеуетін инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттауды тапсырды, деп хабарлайды 24KZ.
Президент тапсырмасымен Үкімет Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеп, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Оның 1 жарым трлн-ы биыл және келер жылдың алғашқы екі айында қарастырылады.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Бізде халқы тығыз орналасқан аймақтар бар. Олардың қатарында 2 млн бір жүз мыңнан аса тұрғынымен Түркістан облысы көш бастайды. Халқы ең аз өңір – Ұлытау облысы. Онда 217 мың адам тұрады. Иә, сонымен қатар әр облыс көлемі, табиғи ресурсы, климаты жағынан ерекшеленеді. Бұны не үшін салыстырып отырмыз? Дәл осы ерекшелігіне сай әр аймақтың инфрақұрылымға деген қажеттілігі туындайды. Халық саны көп болса, соған сай мектебі, ауруханасы, спорттық және мәдени нысандары жеткілікті болуы шарт. Әрине, мектеп жетіспесе – білім саласы ақсайтыны анық...
Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша көңіл бөлді. Тіпті биылғы Жолдауын осы сұрақтан бастады. Барлық облыстың денсаулық сақтау, білім беру секілді әлеуметтік нысандарға қажеттілігін егжей-тегжей анықтауды тапсырды. Былайша айтқанда, кімге, не жетіспейді? Соны түгендейміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс. Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс. Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек.
Енді бұл – приоритет. Басты месседж: «Қала қарқынды дамыса - сол өңірдің экономикасы өркендейді, адами әлеуеті артады». Құрылтай депутаты Гүлісхан Нахбаева қалаларды көркейту – адами капиталға салынған инвестиция деп есептейді. Әсіресе жастар аймақтарда тұрақтап, өңірмен бірге дамиды.
Гүлісхан Нахбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Ең басты құндылық бұл адами капитал болып табылады. Әлеуметтік жағынан да жастардан сұрайтын болсақ, олар кәсіби тұрғыдан өскісі келеді және мықты инфрақұрылымы бар жерлерде өзінің өмірлік бағыт-бағдарын көріп отыр. Осы орайда өңірлерде мықты мамандардың қалыптасуына, ғалымдардың білікті мамандардың өз өңірінің дамуына өз үлесін қосу үшін барлық азаматтарға жағдайын жасау инфрақұрылымнан басталады деп қабылдап отырмыз.
Елорданы мысалға алсақ, бас қала жыл өткен сайын халық саны өсіп, территориясы кеңейіп келеді. Әлеуметтік инфрақұрылыммен қатар өндірісі шоғырланған арнайы экономикалық аймақтарын дамытуда. Биыл жаңартылған бас жоспар қолданысқа еніп, 2035 жылға дейінгі қадамдар айқындалды.
Нұрәділ Ғалымжан, Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- 2024-2026 жылы өткізілген жұмыстар бойынша әлеуметтік нысандарды көбейту бойынша жұмыс өткізілді. Және де осы 2026 жылы қабылданған толықтырулар көбінесе инвестициялық жобаларға бағытталған еді. Осы жұмыс Астанамызды инвестициялық көріктілігін ұлғайту үшін жасалған еді. Ол қаланың экономикасын дамытады. Инвестициялар болғандықтан жаңа өнеркәсіптер салынады. Жұмыс орындары пайда болады. Қаламызда тек қана құрылыс емес, өндіріс те дамиды.
Қалалар мен елді-мекендерді көркейту жайын Қазақстанның құрметті құрылысшысы Мұхтар Айсауытов жақсы біледі. Өзі инженер-құрылысшы әрі басқарушы ретінде 50 жыл осы салада еңбек етті. Аймақтарда қарқынды құрылыстың басталуы – тұтас елді өркендетуге бастайтын қадам деп санайды.
Мұхтар Айсауытов, құрметті құрылысшы:
- 20-шы жылдары Америка көтерілгенде олар құрылыстан жолдардан, үйлерден, аурухана, мектептерден көтерілген. Сондықтан біздің Президенттің айтып отырған сөзі дұрыс. Инвестиция әкелу керек. Енді мен Алматы облысының құрметті азаматы болғандықтан Алатау қаласына өте дұрыс бағдарлама кіргізіп жатыр. Ол деген Қонаев қаласы, Алматы солардың бәрін салған кезде қосылады, яғни үлкен бір мегаполис болады. Алатау – бүкіл дүниежүзіне атақты қала болады.
Ел әлеуеті аймақтарды көркейтуге бағытталады. Ол барлық елді мекенде тұрғындарға аса қажет әлеуметтік нысандарды салудан басталады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Ауқымды жұмысты іске асыруға Ұлттық қордан 6 жарым трлн теңге бөлінеді.