Баспана алуға 7 млн теңгеге дейін беріледі

Елімізде өңіраралық қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды мемлекет тарапынан қолдау шарттары айтарлықтай кеңейтілді. Енді жаңа өңірге көшіп барған азаматтарға баспана сатып алу үшін берілетін сертификат сомасы 7 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңартылған ережелерге сәйкес, экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 1 625 АЕК-ке, яғни 7 млн теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаржыны қатысушылар қоныс аударған аймақтан жеке тұрғын үй сатып алу мақсатына жұмсай алады.

 

  • Баспана алуға арналған қаржылай көмек (7 млн теңгеге дейін);

  • Көшуге арналған біржолғы субсидиялар;

  • Тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығындарын ішінара өтеу;

  • Тиісті өңірде жұмысқа орналасуға жан-жақты жәрдемдесу.

Бұған дейін аталмыш мемлекеттік қолдау шаралары көбінесе жұмыссыз азаматтарға ғана бағытталса, енді оның ауқымы кеңейтілді. Оған мына санаттағы тұлғалар да қатыса алады:

  • Еңбек нарығында аса сұранысқа ие білікті мамандар;

  • Шаруа және фермерлік қожалықтардың басшылары мен жұмыскерлері.

 

Қоныс аударуға ұсынылатын өңірлердің арнайы картасымен танысу, сұранысқа ие мамандықтар тізімін қарау және өзіңізге қолайлы бос жұмыс орнын таңдау үшін migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде өтінім беруге болады.

Айта кетейік, бұл бағдарлама еліміздегі еңбек күші жетіспейтін өңірлерге халықты қоныстандыру мақсатында 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, оның ішінде 31 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.