Атырау қаласындағы жолдардың 27 пайызы тозған

Жүргізушілерден шағым көп. Жергілікті билік мәселені шешу үшін бюджеттен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Биыл қанша шақырым жол жөнделеді? 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – қаланы айналып өтетін Ғаббас Берғалиев көшесі. Күніне мыңдаған көлік осы жолмен жүреді. Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, одан әрі Еуропа елдеріне жүк таситындар осы жолмен қаланы айналып өтеді. Жолдың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Ой-шұқыры көбейген.

Осы секілді Құттығай батыр, Қабдолов, Махамбет және Азаттық көшелерінің жолы да жөндеуді қажет етеді. «Ой-шұқырының көбейгені сонша, алаңсыз жүру мұңға айналды», - дейді жүргізушілер.

Облыс орталығындағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы 1635 шақырым. Қазір оның 27 пайызы тозып тұр. «Қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту және қолданыстағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу» бағдарламасына облыстық және қалалық бюджеттен 27,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Оған қаладағы 32 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жаңа жол төсеу жобасы да бар.

Алмас Сәрсенов, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Жаңа жол құрылысы бағытында қаламыздағы жалпы ұзындығы 67,6 шақырымды құрайтын 156 көшеге жаңадан тас жол төсеу жоспарланған. Оның қазіргі таңда қаражат бөлінуіне қарай 10 шақырымды құрайтын 29 көшеге жұмыстар басталып жатыр. 

Биыл 50 мың шаршы метр ой-шұқырды жамау үшін қалалық бюджеттен тағы 800 млн теңге қаржы бөлінген. «Дегенмен жүргізушілерді шаршатқан айналма жолдардың құрылысы биыл басталмайды», - дейді жауаптылар. Мысалы, 12 шақырым болатын Құттығай батыр-Қабдолов көшесін жөндеуге қаражат бөлінбей отыр. Ал Ғаббас Берғалиев көшесінің жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізіліп жатыр. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин