Павлодар облысында жайылым жерлер тозып барады

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы кей алқаптың құнары төмендеп, сапасы нашарлап жатыр.  

Жер емген шаруаларды бұл мәселе алаңдатып отыр. Фермерлер мен ғалымдар, салаға жауапты мекеме өкілдері арнайы жиын өткізді. 

Облыста мыңдаған гектар жайылым тапшы. 58 ауылда мал жаятын жер жетпейді. Одан бөлек, шалғайдағы жайылымдардың біразы қажетті инфрақұрылымның болмауына байланысты пайдаға жарамайды. Салдарынан ірі шаруашылықтармен қатар, жекеменшік мал иелері де қолындағы төрт түлігін жаятын жер таппай отыр. 

Игілік Әкерия, Құдайкөл ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылымызда сегіз жүз метр жерде егін екті, егін шаруашылығын жасап қойды. Ол кісілер біздің ауылымыздың малын бір малы кіріп кетсе оның аяғын сындырады, өлтіріп тастайды. Осы он күннің ішінде бес сиырды өлтіріп тастады ауыл халқының, оның огородты қоршаңдар десек ол кісілер қоршамаймыз дейді.

Жайылымның тапшылығынан бөлек, қолданыстағы жерлердің сапасы да мәз емес. Малдың жүйесіз жайылуы және күтімнің жоқтығынан жайылымдардың біразы тозып, құнарлығы төмендеген. Шөп өнімділігі гектарына екі центнерден аспайды. Ал мал азығына қажетті пайдалы өсімдіктердің орнын арамшөп басқан.  Жайылым жер эрозиясының әсерінен де бүлініп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін жерді тиімді пайдалану тәртібін қатаң сақтау қажет. «Бұл бағытта ғылымға сүйенбей, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес», - дейді олар.

Виктор Камкин, биология ғылымдарының кандидаты:

- Мал жаю үдерісі міндетті түрде басқарылатын әрі нақты регламентке сай болуы керек. Сондай-ақ жайылым айналымы жүйесі енгізілуі қажет. Жайылым айналымын шабындықпен ұштастырып, кейбір учаскелерді мезгіл-мезгіл демалдыру ұсынылады. Малдың арнайы бөлінбеген аумақтарға кірмеуі үшін әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылатын электронды бақташы жүйесін енгізу қажет.

Жайылымдарды басқарудың жаңартылған жоспары бар. Ол облыстың барлық қаласы мен ауданында бекітілген. Дегенмен қазіргі таңда бақылау жүйесі тек ортақ пайдаланылатын жайылымдарда ғана жұмыс істейді. 

Мұрат Хамитов, Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Ауылдардың маңайындағы ортақ жайылымдарда мал  шамадан тыс көп жайылады. Салдарынан жайылымдарға түсетін  салмақ бірнеше есе артқан. Ал инфрақұрылымының болмауына байланысты шалғай аумақтардағы жерлер толық пайдаланылмай жатыр, жайылымдарды игеру үдерісі біркелкі жүргізілмейді. Мұның барлығы жердің тозуына әкеп соқты.

Мамандардың айтуынша, мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жүргізіліп жатыр. Жуырда Ертіс ауданында прокуратураның тексеруінен кейін 2,5 мың гектардан астам жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игликов