Соңғы 10 жылдағы рекорд: жүргізуші куәлігінен айыру туралы талап-арыздар күрт көбейді
Қазақстанда жүргізуші куәлігінен айыру туралы сотқа түсетін талап-арыздар күрт артты. Биылғы алғашқы алты айда мұндай 5 336 талап-арыз тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе көп және соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды «24KZ» Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сүйеніп.
Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында азаматтық соттарға жүргізуші куәлігінен айыру немесе оның қолданылуын тоқтату туралы 5 336 талап-арыз түскен. Оның 5 161-і бойынша іс қозғалып, 4 251 іс қаралған.
Сотта қаралған істердің 4 044-і талапкерлердің пайдасына шешілсе, небәрі 207 талап қана қанағаттандырылмаған. Яғни соттардың басым бөлігі жүргізуші куәлігінен айыру туралы талаптарды қолдап отыр.
Сарапшылар мұндай өсімді жүргізушілерді даярлау жүйесіне қатысты бақылаудың әлсіреуімен байланыстырады. Еске салсақ, 2016 жылдан бері автомектеп ашу үшін лицензия алу міндеті алынып тасталып, тек хабарлама беру жеткілікті болған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жүргізуші куәлігі оқу, емтихан тапсыру немесе куәлік беру тәртібі бұзылып рәсімделгені анықталса, сот арқылы оның күші жойылуы мүмкін. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелері бойынша қайта емтихан тапсыруға жіберілген жүргізуші екі ай ішінде сынақтан өтпесе, бұл да куәліктен айыруға негіз болады.
Өңірлер арасында талап-арыз ең көп түскен аймақтар:
• Алматы облысы – 757;
• Ақтөбе облысы – 757;
• Қарағанды облысы – 535.
Бұл үш өңір республикадағы барлық талап-арыздың 38%-ын құрайды.
Ал ең төмен көрсеткіш Астанада тіркелді – небәрі 13 талап-арыз, бұл жалпы көлемнің 0,2%-ына тең.
Айта кетейік, автомектептердің қызметіне бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар үшін қайтадан рұқсат беру (лицензиялау) тәртібі енгізіледі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз