Құрылтай сайлауы елге оң өзгеріс әкеледі
Заң шығару жүйесінде жаңа кезең қалыптасады.
Корея-Орталық Азия достық қауымдастығының президенті осылай дейді. Ли Ок Реннің айтуынша, бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болмақ. Себебі шетелдік байқаушылардың өзі елдегі саяси өзгерістерге елеңдеп отырған көрінеді.
Құрылтайдың басты мақсаты - билік институттарын халыққа жақындатып, шешім қабылдау үдерісін ашық әрі қолжетімді ету. Қазақ-корей достық қауымдастығының өкілдері осылай дейді. Елде 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Жаңартылған Ата заңға сәйкес, Қазақстанның заң шығару жүйесі түбегейлі өзгеріп, екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл заң шығару үдерісін оңтайландырып, депутаттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Ли Ок Рён, Корея-Орталық Азия достық қауымдастығының президенті:
- Бұл сайлау жаңа конституциялық жүйе аясында өтетін алғашқы сайлау болғандықтан, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртып, демократияны дамытудағы маңызды белес болады деп сенемін. Әсіресе бұрынғы қос палаталы жүйеден 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайға көшу заң шығару ісінің тиімділігі мен ашықтығын арттыратын мәнді өзгеріс болып табылады. Сондай-ақ "Құрылтай" атауының өзінде қазақ халқының тарихы мен дәстүрін жалғастыра отырып, жаңа конституциялық тәртіп құру ниеті бар деп ойлаймын.
Жаңа Ата заң негізінде өтетін Құрылтай сайлауы саяси жаңғыруға серпін береді. Заң шығарушы орган құрамына халықтың шынайы мүддесін қорғайтын азаматтар шоғырланады. Кавк Ён Гильдің айтуынша, жаңа Конституцияда көзделген пропорционалды сайлау жүйесі саяси партиялардың ролін күшейтіп, заң шығару ісіндегі жауапкершілігін арттырады.
Квак Ён Гиль, "Aju News Corporation" медиа тобының президенті, Қазақстан–Корея достық қауымдастығының төрағасы:
- Бүгінде Корея мен Қазақстан сауда және инвестиция салаларындағы әріптестер ғана емес, жасанды интеллект, цифрлық инновация, энергетика, жоғары технологиялы өндіріс, білім беру және мәдени алмасу бағыттарында да байланысын қарқынды дамытып келеді. Ынтымақтастығымыз тереңдей түскен сайын, оның өзара құрметке, ашықтыққа және сенімге негізделе отырып, алдағы уақытта да нығая беретініне кәміл сенемін. Құрылтай сайлауы бейбіт, ашық әрі халықтың еркін таңдауына сай өтеді деп үміттенемін. Бұл Қазақстанның одан әрі дамуына жасалған тағы бір маңызды қадам екеніне сенімдімін.
Құрылтайдың құрамына партиялық тізімдер бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Оның жұмысы 8 бейінді комитет арқылы жүргізіледі. Депутаттар барлық заң жобаларын үш оқылымда қарауы тиіс. Бірінші құжаттың жалпы тұжырымдамасын талқылау, екінші - әрбір бапты және ұсынылған түзетулерді егжей-тегжейлі қарау, және заң жобасының Конституцияға сәйкестігін тексеріп, қорытынды дауыс беру. Бұл формат заң шығару процесін ашық әрі тиімді етпек. Халықаралық сарапшылар осылай дейді.
Әлішер Әли