Су көлігін жүргізушілерге бақылау күшейді
Демалыс аймақтарында су көлігін тізгіндегендер қауіп болып барады. Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары осылай деп дабыл қақты.
Зырылдаған скутер мен катерлер жағада шомылған жұртпен бірге жүр. Жазатайым жағдайдың алдын алу үшін, Бұқтырма су қоймасында су патрульдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жүр.
Су скутері мен катер иелері кеме жүргізу ережелерін елемейді. Тіпті, демалушылар шомылатын аумаққа жоғары жылдамдықпен кіріп кетеді. Тізгінде отырғандар құтқару кеудешесін де кимейді. Көп жүргізушінің арнайы құжаты, ал, су көлігінің тіркеу нөмері болмай шығады. Шілде айында 130-дан астам құқық бұзу дерегі анықталып, 40 шағын көлемді кеменің қожайынына айыппұл салынды. Демалушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Былтыр еліміз бойынша су көліктерінің қатысуымен 9 жазатайым оқиға болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Шілде айының ортасында Алакөлде катер 69 жастағы әйелді қағып, демалушы ауыр жарақат алды.
Исхар Савазов, ШҚО ТЖД Бастығының орынбасары:
- Негізгі құқықбұзушылықтар шағын көлемді кемелерді пайдалануға және жаппай демалыс ұйымдастыруға қатысты туындайды. Яғни, шағын көлемді кемелерді құтқару кеудешесінсіз жалға беру, екіншіден, олардың борттық нөмірлері мен басқаруға рұқсаттың болмауы. Бұл демалушылар үшін өте қауіпті.
Бұқтырма жағалауында су көлігінің қозғалысын ретке келтіру үшін, муниципалды жағажай құру жоспарлануда. Келесі жылы мұнда бір шақырымнан астам жағалау сызығы абаттандырылып, құтқарушыларға арналған 5 бақылау бекеті орнатылады.
Нұржан Қанапин, Жаңа бұқтырма кентінің әкімі:
- Алдағы уақытта арбат салу жоспарлануда. Кенттің өзінен бастап жағалауға дейін арбат орналасады және жағалау бойында ұзындығы шамамен бір шақырымдай жағажай болады. Онда құтқарушыларды орналастыруға арналған бірнеше мұнара қойылады.
Бұқтырманың Алтай ауданындағы аумағында 120-дан астам демалыс базасы бар. Соның 20-ға жуығы суға тікелей шыға алады.Төртеуінде арнайы құтқару станциялары жұмыс істеп тұр. Жауаптылардың айтуынша, туристік нысан қожайындары демалушылардың қауіпсіздігіне атүсті қарайды. Құтқару бекеттерін жабдықтауға құлықсыз. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары болмаса, жағдай тіпті ушығар еді, - дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин