Мектептке дайындық: Биыл 450 мыңға жуық балаға көмек көрсетіледі - министрлік
2026 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Оқу ағарту-министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық балаға қолдау көрсетіледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерде 23 млрд теңгеге жуық қаражат
қарастырылған. Көмектің ең төменгі мөлшері бір балаға 50 851 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық.
Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жекелеген өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін. Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажет.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз