«Әлем барысы» атанған балуан әкім болды
«Әлем барысы» атанған балуан Айбек Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды «24KZ».
Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 25 бабына сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің, Аягөз ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды.
Айта кетейік, бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы екінші аудан әкімінің тағайындауы.
Аягөз ауданы – облыстағы стратегиялық маңызы бар бірден бір аймақ. Аудан ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және әлеуметтік саланы дамыту үшін жоғары әлеуетке ие. Сонымен қатар логистика мен сауданың дамуына ықпал ететін маңызды көлік қиылысында, яғни, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, бұл жұмыстардың бәрін жүйелі жолға қойып, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы және лайықты жүзеге асыру аса маңызды. Айбек Серікболұлының тәжірибесі жеткілікті. Осы уақыт ішінде өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерін таныта білді. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Аягөз ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін, – деді Берік Уәли.
Айбек Серікболұлы Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университетін «заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Алты жылдан астам уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз