Қ. Тоқаев: қырғыз – қазақ үшін бауырлас ел
Аймақ елдері жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шолпан-Атада өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысып, осылай деді.
Бауырлас елдердің басшылары серіктестікке серпін беретін салаларды талқылады. Кейін өңіраралық құжат ережелерін нақты іске асыру мәселесін пысықтады. Қандай ұсыныстарды айтылды?
Киіз үй, бауырсақ, ұлттық би. Қырғыз елі Қасым-Жомарт Тоқаевты қос халыққа ортақ құндылықтармен қарсы алды. Ыстық көл халықаралық әуежайында қазақтың көк туы желбіреп, Мемлекет басшысын ағайынға тән ақ ниетпен құшақ жайды. Бауырлас елдің бауырмал пейілі Конгресс орталығының төрінде де айқын сезілді. Шара алдында Қырғызстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты күтіп алды. Саясаткерлердің ишарасынан қос халықтың өзара құрметін аңғаруға болады.
Алты ел – бір мүдде. Шолпан атадағы алқалы отырысқа бауырлас ел басшылары түгел жиналған. Талқылайтын тақырып көп. Сондықтан хаттамамен шектелмей, еркін ақылдасатын алаң керек болды. Ал Қырғызстан сол бейресми басқосуды қабылдап отыр. Жиын барысында сөз алған Президент өңірден бұрын бірінші осы біртуған қос халықтың байланысына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық. Қазіргі таңда біз Қырғызстанның қарқынды дамуына куә болып отырмыз. Сіздер қол жеткізіп жатқан әр жетістікке шын жүректен қуанамыз. Қырғыз елінің өсіп-өркендеуі – Орталық Азияның тұрақтылығы мен баянды дамуының маңызды кепілі.
Расымен, екі елдің саяси да, мәдени де, іскерлік те байланысы бекем. Қазақстан – Қырғызстанның Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші ірі сауда серіктесі. Былтыр алыс-беріс 2 млрд доллардан асты. Оның 1,7 млрдқа жуығы экспорт болса, импорт 500 млннан асты. Экономикалық байланыс артып келеді. Биылғы қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 18,%-ға көп.
Бірыңғай туристік виза бастамасы көтерілді
Серіктестікке Садыр Жапаровтың да көңілі толады. Ол ортақ бастамалар мен бірлескен стратегиялық жобаларға жоғары бағасын берді. Мысалы, бауырлас елдер теміржол, автомобиль, авиация және мультимодальды тасымал салаларында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қырғыз жұрты электр энергиясын өзара жеткізу жөніндегі келісімдердің жасалғанын құптайды. Әсіресе Қазақстан, Қырғызстан, және Өзбекстан бірлесіп Қамбар-Ата-1 су электр станциясын салуды ерекше атап өтуге болады. Тағы бір әлеуетті сала – туризм. Садыр Жапаровтың ерекше бастамасын тыңдаңыз.
Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:
- Туризм саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Орталық Азия мен Әзербайжан әлемге асқар таулар мен көркем көлдер, ұлттық дәстүрлер мен мәдени әралуандылық ұсына алады. Қырғызстан Орталық Азия елдеріне келуді жоспарлаған шетел азаматтары үшін бірыңғай туристік виза енгізу бастамасын көтерді. Осы бастаманы қолдағаны үшін Ильхам Гейдарұлына және Қасым-Жомарт Кемелұлына шынайы алғысымды білдіремін.
Орталық Азияның табысты кезеңі
Енді өңіраралық серіктестікке келейік. Президент байланыс барлық деңгейде жанданып жатқанын жеткізіді. Осы ретте, «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуын айтулы жетістікке балады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аталған тарихи құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды. Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың «саяси арқауын» қалыптастырады. Келесі кезең аталған құжат ережелерін нақты іске асыру болуға тиіс деп санаймын. Осыған байланысты ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын.
Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны нық сеніммен айтуға болады деп, кейін негізгі бағыттарды атады. Инвестиция, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика саласында оң көрсеткіш бар. Соңғы жылдары іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бір ғана дерек. Ортақ инвестициялық қордың капиталы 100 миллион доллардан 500 миллион долларға дейін ұлғайтылған. Мұны Әзербайжан Президенті жоғары бағалады.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:
- Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты дамыту – Әзербайжанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Мұны өзара сапарлардың қарқынынан-ақ байқауға болады. Екі жарым жыл ішінде мен Орталық Азиядағы бауырлас елдерге жалпы саны 16 рет бардым. Ал осы кезеңде әріптестерім Әзербайжанға 26 рет сапар жасады. Бұл өзара жақындықтың артқанын және бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжанның біртұтас геосаяси әрі геоэкономикалық кеңістікке айналғанын көрсетеді.
Ықпалдастық аясы өңірмен шектелмей, әлемдік аренаға да жетіп жатыр. Президент жаһандық үдерісте Орталық Азияның рөлі сенімді түрде артып, аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастады. Десе де, алда атқарар іс әлі көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ықпалдастықтың барлық негізгі мәселесі былтыр Ташкентте өткен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланды. Сол кезде айтылған бастамалар, соның ішінде Консультативтік кездесулерді институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесі әлі де өзекті және оны іске асыру мақсатында бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстан қол жеткізген келісімдерге ынталы, жасампаз бастамаларды одан әрі ілгерілетуді көздейді.
Осылайша, келелі кездесу аяқталды. Саясаткерлер негізгі тақырыптың бәрін талқылап, тағы бір маңызды құжатқа қол қойды.
Бекзат Аманов, тілші:
- Шолпан-Атадағы резиденция. Конгресс-холл. Дәл осы жерде, осы дөңгелек үстел басында бауырлас елдердің ортақ болашағы айқындалды. Жиында мемлекет басшылары Шолпан-Ата декларациясын қабылдады. Құжатта өңірлік ынтымақтастықты нығайту, тату көршілік қарым-қатынасты дамыту және өзара ықпалдастықты тереңдету бағытындағы ортақ ұстанымдар бекітілді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы, Айдос Ентебеков