Атақты сәулетші өмірден озды

Танымал кәсіби сәулетші Тоқтар Ералиев 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ол елдегі және шетелдегі қала құрылысындағы ірі жобалардың авторы әрі Қазақстан сәулет мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танылды. Сәулетшінің шығармашылық қызметінің арқасында Алматы, Астана, Қарағанды және Атырау сияқты ірі қалалар өзіндік қайталанбас сәулеттік келбетке ие болды. Бүгін Алматыда үзең-гілестері, туыстары мен ізбасарлары Тоқтар Ералиевті соңғы сапарға шығарып салды.

Тоқтар Ералиевтің Қазақстанның сәулет саласындағы қолтаңбасы ерекше. Оған ұзақ жылдар бойы жүзеге асырған ауқымды қала құрылысы жобалары дәлел. 1980 жылдардың соңында ол Республика Сәулетшілер одағын басқарды, сондай-ақ Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің жаңа сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған ірі жобаларды іске асырды. Тоқтар Ералиев Астананың бас сәулетшісі қызметін атқарып, жаңа елордаға арналған тың жобаларды әзірлеуге қатысты.

Серік Рустамбеков, Халықаралық сәулетшілер одағы қауымдастығының президенті:

- Қазақстанның сәулет өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. Оның қалдырған шығармашылық қазынасы әлі зерттелуі керек. Оны түсіну қажет. Білу керек. Ол алдымызда осы сәулет өнерінің зерттеушілері бар, ғалымдары бар. Солардың міндеті деп ойлаймын.

Кейінгі жылдары Тоқтар Ералиев жобалау жұмыстарына ден қойды. Оның тұжырымдамалары Қазақстанның ірі қалаларындағы көпфункциялы кешендерді салуда қолданылды.

Оның жүзеге асқан ең танымал жобаларының бірі – Алматыдағы «Нұрлы Тау» кешені. Әкімшілік, қоғамдық және іскерлік кеңістіктерді біріктірген заманауи сәулеттік шешім кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, ұлттық және халықаралық сәулет байқауларында Гран-при мен алтын медальдарға ие болды.

Ғабит Садырбаев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген сәулетшісі:

- Тоқтар ағамыздың өмірбаяны мен өмір жол ол – өзінен қалған ғимараттар. Бұл ғимараттар Алматы, Астана, Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар. Сол ғимараттар бүкіл қаламыздың, Қазақстанның көркеюінде өзінің ерекше орны бар. Қаланың ансамбльдерін қорғауына ықпалы бар.

Отандық сәулет өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Тоқтар Ералиев «Парасат» және «Барыс» ордендерімен марапатталды. Сәулетші шығармашылығының арқасында әлем қазақ сәулет өнерінің жаңа жетістіктерімен танысты. Тоқтар Ералиевтің шығармашылық мұрасы еліміздің заманауи сәулет тарихында мәңгі сақталады. Себебі оның жобалары қалалардың ажырамас бөлігіне айналды, ал кәсіби қызметі тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік келбетін қалыптастырды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев