Астана тұрғыны сталкинг үшін сотталды

depositphotos.com

Астана қаласында бұрын азаматтық некеде қарым-қатынаста болған әйелді жүйелі түрде аңдып, мазасын алған қала тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы елордалық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Сот шешімімен айыпталушы 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, ер адамға арнайы қорғау ұйғарымы берілгеніне қарамастан, ол бұл талапты өрескел бұзған. Ол төрт ай бойы әйелге тынымсыз қоңырау шалып, хабарламалар жолдаған, үйіне келіп, сыртта тосып жүрген және ар-намысына тиіп, қорлаған.

Прокуратураның мәліметінше, бұл заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленуші өз өмірі мен кәмелетке толмаған қызының қауіпсіздігі үшін үнемі алаңдап келген. Сонымен қатар оның жеке қауіпсіздігі мен еркін қарым-қатынас жасау құқықтары бұзылған.

Мемлекеттік айыптаушы сотта күдіктінің кінәсін толық дәлелдеді. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді.

 

Қадағалау органы бұл әрекеттің заңнамада сталкинг (заңсыз аңду, мазалау) болып саналатынын еске салды. Егер бұл әрекеттер зорлық-зомбылықпен байланысты болмаса да, адамның еркіне қарсы жасалып, оған елеулі зиян келтірсе, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай қылмыс үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.