Жамбыл облысында газ тарату стансасы салынып жатыр
Жамбыл облысындағы «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансасы аяқталуға жақын. Қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан жобаға Арнаулы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінде аудан табиғи газды қаладан жүз шақырым қашықтықтағы "Қордай" стансасы арқылы алып отыр. Алайда оның қуаты жеткіліксіз. Қазір құрылыс алаңында 29 қондырғы мен жабдықтар жиынтығы орнатылып, блокаралық коммуникациялар қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Жаңа "Шу" газ тарату станциясын іске қосу газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын едәуір арттырып, 83 мыңға жуық тұрғыны бар Шу және Мойынқұм аудандарының тұрғындарын үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобаны іске асыру жаңа тұтынушыларды қосуға арналған қуат резервын қалыптастырып, елді мекендерді одан әрі газдандыруға ықпал етеді.