МӘМС бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр
Қомағай медициналық ұйымдар МӘМС қорынан қалтасын қалыңдатып алды. Мемлекет 3 жарым млрд.тан аса теңгеге шығындалды. Алайда қаржылық мониторинг агенттігі айлакерлерді анықтап, қазір 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Олар 140 мыңдай адамды медициналық ұйымдарға астыртын тіркеп, көрсетілмеген ем-домдары үшін жалған мәлімет енгізген. Сондай қитұрқы жоспардың бірі Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасында тіркелді. Лауазымды тұлғалары ұсталды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бөлінген қаржы 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Бірақ, арада емдеу мекемесімен шарт жасалмағаны белгілі болды. Пысықайлар ақшаны заңсыз жолмен игеру арқылы 501 млн.нан аса теңге жымқырған. Екі күдікті қамауға алынды.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Астанада «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды. Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Сонымен қатар «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген. Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.