Астан уланған оқушылар: полиция іс қозғады
Алматыда оқушылардың астан улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Біз қазір Алматыдағы Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының алдында тұрмыз. Дәрігерлердің айтуынша, оқушылар 12 қазаннан бері жеткізіле бастапты. Қазір мұнда 48 бала емделіп жатыр. Жас ерекшеліктеріне келсек 7-ші және 11-ші сыныптың оқушылары екен. Ал полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабы, яғни Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу фактісі бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары аяқталған соң оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады. Осы жайтқа байланысты Денсаулық сақтау министрлігі де жедел шара қабылдады. Мектепте санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырлды. Тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Мектептегі сабақ 16 қазанға дейін онлайнға ауыстырылды. Интернатта қалған оқушылар ата-аналарына немесе жақын туыстарына тапсырылды.