Өз ауылын тонағандар: Қарағанды облысында 38 бас мал ұрлаған топ ұсталды

Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында ауыл тұрғындарының малын бірнеше ай бойы ұрлап келген күдіктілер тобы ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Нұра ауданында криминалдық полиция қызметкерлері тұрғындардың төрт түлігін бірнеше ай бойы жүйелі түрде ұрлап келген күдіктілер тобын ұстады. Белгілі болғандай, күдіктілердің өздері де ұрлық жасалған ауылдардың бірінде тұрған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер биылғы наурыз айынан бері мал ұрлығымен айналысқан. Осы уақыт аралығында олар кемінде бес ұрлық жасап, ауыл тұрғындарының 14 бас ірі қарасы мен 24 қойын қолды еткен.

  

Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтты. Полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін тауып, иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта жеті сиыр мен үш қой өз иелеріне табысталды. Ал қалған малдың Ақмола облысы мен Астана қаласында сатылып кеткені анықталды. Оларды іздеп, заңды иелеріне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сонымен қатар полицейлер күдіктілердің Нұра ауданында және көршілес өңірлерде жасалған басқа да мал ұрлығы қылмыстарына қатысы бар-жоғын тексеруде.