Күнбағыс алқабында түскен фото айыппұлға ұласуы мүмкін

Фото: depositphotos.com

 Ақмола облысында күнбағыстар гүлдей бастағалы бері патрульдік полиция қызметкерлері жол белгілерінің талаптарын елемей, көлігін тоқтатқан 25 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды 24kz.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, Астана – Щучинск автожолы бойындағы гүлдеп тұрған күнбағыс алқаптары ондаған автокөлік жүргізушісін қызықтырады. Әдемі фотосурет үшін кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерінің талаптарын елемей, көліктерін тікелей жылдам жүретін тасжолда тоқтатады.

«Бұл учаске – көлік құралдарын тоқтатуға тыйым салынған жылдамдықты автобан. Мұнда барлық қажетті жол белгілері, соның ішінде «Тоқтауға тыйым салынады» белгісі орнатылып, тиісті жол таңбалары сызылған», – деді Ақмола облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальоны 2-взвод командирінің міндетін атқарушы, полиция капитаны Ербол Дүйсетай.

Полицейлер жылдам жүретін автожолда тоқтау жол қозғалысы қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін еске салады. Құқық қорғау органдары азаматтарды өміріне қауіп төндірмеуге және әсерлі фотосуреттер үшін автобанда тоқтамауға шақырды. Фотоға түсу үшін тек рұқсат етілген әрі қауіпсіз орындарды таңдау қажет.