Қазақстан-Ресей медиафорумы өзекті мәселелерді талқылап жатыр

Бүгінде жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Алайда көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан жаңа технологияға қатысты сын-қатерлер де жоқ емес. Әсіресе жалған ақпаратпен күрес әлемдік медиа қауымдастық алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осы және өзге де өзекті мәселелерді Қазақстан-Ресей медиафорумының қатысушылары Санкт-Петербургте талқылап жатыр.

III Қазақстан-Ресей медиафорумы биыл Санкт-Петербургте жалғасын тапты. Оны ТАСС агенттігі мен Қазақстан Президентінің телерадиокешені бірлесіп өткізіп жатыр. Бұл жиын алғаш рет Мәскеуде, кейін Алматыда ұйымдастырылған еді. Жасанды интеллект әсерінен медиа саласының түрленуі және жалған ақпаратпен күресу құралдары қатысушылардың басты назарында. Басқосуда тараптар саладағы әріптестікті дамыту мен қазіргі журналистиканың жаңашылдықтарын да талқылады. 

Қанат Құлшыманов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі:

- Бүгінде медиа саласы тағы бір маңызды кезеңді өткеріп жатыр. Бір кездері интернет баспа, радио және телевизияның жағдайын өзгерткен еді. Енді ЖИ ақпарат алаңының дамуын жақында ғана айқындап берген цифрлық медианы түрлендіруде. Алайда бұл үдерістің салдары ауқымды. Біріншіден, ЖИ негізгі алгоритмдері мазмұн ағындарын басқарады, қоғамдық кеңістікті бақылау жойылады және әсер ету орталықтары қайта бөлінеді.

Келелі кездесудің басты міндеті — кәсіби медиа қауымдастықтың өзара іс-қимылының ортақ тәсілдерін әзірлеп, алдағы ынтымақтастық бағыттарын айқындау. Бүгінде бұл форум Қазақстан мен Ресей арасындағы кәсіби диалогтың негізгі алаңдарының біріне айналып үлгерді. 

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі: 

- Медиа оқиға мен қоғам арасындағы дәнекер болудан қалды. Оқиғалар саяси және тарихи мәнді анықтайтын ортаға айналып жатыр. 

Медиафорум аясында ғарышқа арналған фотокөрме ашылды. Көрерменнің назарына екі ел фотографтарының үздік жұмыстары ұсынылды. Осылай ғарыш саласы қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсті. 

Мөлдір Жақан, Наргиз Рахымжан