Қарағанды облысының коммуналдық инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
Қарағанды облысының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту аясында 10-ға тарта жоба жүзеге асып жатыр. Жалпы құны 136 миллиардтан астам теңге игеріледі. Облыс орталығында магистральдық жылу желілері жаңғыртылып, тозығы жеткен құбырлар жаңасына ауыстырылып жатыр.
Интернационалист-жауынгерлер көшесінің бір бөлігі жабылғанына бір айдан асты. Мұнда 70 жыл қолданыста болған құбырлар ауыстырылып жатыр. Оның орнына өткізгіштігі жоғары, қашықтан бақылау жүйесімен жабдықталған жаңа желілер тартылады.
Жоба аяқталғаннан кейін қаланы жылумен қамту көрсеткіші артып, жылыту маусымындағы апат едәуір азаймақ. Қазір жұмыстардың 70 пайызы аяқталған. Нысанды қазан айына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары аясында жылу магистралі аймағында 80 түп ағаш кесілді. Мердігер оның орнына көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді.
Марат Оралбаев, мердігер мекеме өкілі:
- Бұл аумақ ұзақ уақыт қараусыз қалып, ағаштарға санитарлық кесу жүргізілмеген. Сондықтан қорғау аймағындағы талдарды кесуге тура келді. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырмауы керек. Себебі жылу магистралінің құрылысы қала үшін аса маңызды.
Биыл Саранда жаңа су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар Қарағанды-Теміртау су құбыры қайта жаңғыртылып, электр қуатын жеткізу желілері ауыстырылып жатыр.
Тілектес Досаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Электр желілері бойынша жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын, электр желілерін жаңғыртуды көздейтін 3 жоба іске қосылды. Сонымен қатар келесі жылға жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын ұзындығы 141 км 12 жоба жүктелді. Қазіргі уақытта барлық жобалар операторлардың қарауында.
Өңір жылу, су және электр жүйелерін жаңартуға арналған Ұлттық жобаны іске асыру бойынша республикада алдыңғы қатарда. Қазір жалпы құны 136 миллиард теңгеден асатын ондаған жоба жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар келер жылға арналған бағдарлама да әзірленген.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит