«Қарғысты қайтарамыз» деген жалған емшілер зейнеткерді 15 млн теңгеге алдаған

Фото: polisia.kz

Қарағандыда өзін емші әрі балгер ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның 15 млн теңгеге бағаланған алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен. Күдіктілер кейін полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Полиция мәліметінше, оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Үйіне қайтып бара жатқан зейнеткерге көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімеге тартқан. Алдымен олар стоматологияға баратын жолды сұрағанымен, кейін қарт әйелдің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсете бастаған.

Күдіктілердің бірі зейнеткерге жақын адамы «ескі қарғыс» жасағанын айтып, оны дереу қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Қорқынышты сөздерге сенген әйел алаяқтардың айтқанын орындауға мәжбүр болған.

Әйелдер алдымен «тазарту рәсімі» үшін арнайы ине сатып алуды ұсынған. Кейін үйден шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, түрлі ырым-жоралғылар жасаған. Соңында зейнеткерден барлық алтын бұйымдары мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен.

Алаяқтар оған мөрленген түйіншек беріп, оны тек 40 күннен кейін ашып, ішіндегі заттарды өртеп, күлін өздеріне әкелу керектігін айтқан. Алайда сол түні-ақ күмәнданған зейнеткер түйіншекті ашып қарағанда, оның ішінде тек бос қағаз жатқанын анықтаған.

Осылайша әйелдің жалпы құны 15 млн теңге болатын алтын әшекейлері мен жинаған қаражаты қолды болған.

Жәбірленушінің берген нақты сипаттамалары арқылы Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түскен. Тергеу барысында олардың Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары екені анықталған. Сонымен қатар олардың осыған ұқсас алаяқтық әрекеттерге қатысы болуы мүмкін екені белгілі болған.

Күдіктілердің тіркелген мекенжайларынан табылмағанымен, жедел ақпарат арқылы олардың Теміртау қаласында жүргені анықталып, ұсталды. Кейін жәбірленуші оларды Қарағанды қаласындағы Қазыбек би атындағы полиция бөлімінде таныған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция азаматтарды өзін балгер, емші немесе көріпкел деп таныстырып, «қарғысты қайтарамыз», «көз тиюді кетіреміз» деген сылтаумен ақша немесе бағалы заттарды талап ететін адамдарға сенбеуге шақырды. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда бірден полицияға хабарлау қажеттігін ескертті.