Қорғаныс министрлігі 20 млн теңге жүлде қоры бар чемпионат өткізеді
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 13–15 тамыз аралығында Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында «Shaiqas-2026» атты алғашқы ұлттық инженерлік чемпионатының финалын өткізеді. Іс-шараның жалпы жүлде қоры - 20 миллион теңге, деп хабарлайды «24KZ».

Жобада еліміздің 20 өңірінен келген 500-ге жуық инженер, бағдарламашы, студенттер, өнеркәсіп мамандары мен күштік құрылым қызметкерлері бақ сынасады. Жарыс әуе жүйелері, жерүсті жүйелері, киберқауіпсіздік және тактика бағыттары бойынша өтеді.
Қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, роботтардың көмегімен мина макеттерін орнату, жараланғандарды эвакуациялау, кибершабуылдарға қарсы тұру және жауынгерлік тапсырмаларды орындау дағдыларын көрсетеді.
Финалдық кезең мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 15 тамызға жоспарланған.

